ТҮРКІСТАН: Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жеңілдетілген несиелер бойынша семинар өтті

0
218

Кездесуде қаржыландыру тетіктері, кепілдік қамтамасыз ету шарттары мен жеңілдіктер егжей-тегжейлі түсіндірілді.


ТҮРКІСТАН: Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жеңілдетілген несиелер бойынша семинар өтті

Түркістанда мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жеңілдетілген несиелер бойынша семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістандағы Достық үйінде өңірдегі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және жеңілдетілген несие бағдарламаларын түсіндіру бойынша маңызды жиын өтті.

Мәжілісте елімізде мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне ұсынылатын «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бюджеттік несие бағдарламалары талқыланды. Аталған бағдарламалар асыл тұқымды мал басын сатып алуға бағытталған және мынадай тиімді шарттарды ұсынады:

Жылдық сыйақы мөлшерлемесі: 6%;

Несиелеу мерзімі: 7 жылдан 10 жылға дейін.

Кездесуде қаржыландыру тетіктері, кепілдік қамтамасыз ету шарттары мен жеңілдіктер егжей-тегжейлі түсіндірілді. Семинарға қатысқан шаруа қожалықтарының иелері құжат тапсыру мен несие алу бойынша өздерін толғандырған сұрақтарға тікелей жауап алып, мал шаруашылығының өнімділігін арттыру мен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша алдағы қадамдарды айқындады.

Айта кетейік, Түркістан облысы мал шаруашылығының дамуы бойынша республикада көш бастап тұр. Бүгінгі таңда елдегі ірі қара малдың 13 пайызы (1 млн 238,6 мың бас), ұсақ малдың 20 пайызы (5 млн 211,6 мың бас), жылқының 10 пайызы (549 мың бас), түйенің 14 пайызы (46,1 мың бас) облыстың үлесінде. Сонымен қатар, облыс ет экспорты бойынша да көшбасшы: республикадан экспортталатын ірі қара мал етінің 80%-ы және қой етінің 75%-ы Түркістан облысына тиесілі. Биылғы жылдың алғашқы 6 айында өңірден 10,3 мың тонна ірі қара еті және 14,4 мың тонна қой еті сыртқы нарыққа шығарылды.

Бөлісу