ТҮРКІСТАН: Марокко шегірткесіне қарсы жұмыстар үйлестіріліп жатыр

0
393

Химиялық өңдеу жұмыстары 271,0 мың гектардан аса аумақта болжамдалған.


ТҮРКІСТАН: Марокко шегірткесіне қарсы жұмыстар үйлестіріліп жатыр

Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бойынша кеңейтілген штаб отырысы мен семинар-кеңес өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауыл округінде облыс көлемінде үйірлі Марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бойынша кеңейтілген штаб отырысы мен семинар-кеңес өткізілді. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақовтың төрағалық етуімен өткен жиынға ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Д.Абдикаримов және сала басшылары, сонымен қатар аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен БАҚ өкілдері қатысты. Штаб отырысында ҚР АШМ АӨК МИК Түркістан облыстық аумақтық инспекция басшысы Н.Бекмұратовтың, А.Арапбаевтың және мердігер мекеме басшыларының баяндамалары тыңдалып, Марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес жұмыстарына дайындығы пысықталды.


Облыс бойынша Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 271,0 мың гектардан аса аумақта болжамдалған. Оның ішінде жер үсті өңдеу көлемі – 162,0 мың га, әуемен 107,0 мың га, аспалы бүріккіштермен – 0,7 мың га және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен 1,4 мың гектарда жұмыс жүреді.


Марокко шегірткесінің дернәсілдерін анықтауда «РФДжБӘО» РММ тарапынан 79 маман 38 автокөлік, жергілікті аудан әкімдіктерінен 244 уақытша анықтаушылар, инспекция тарапынан 21 жұмыс тобынан құралған 40 инспектор және 19 қызметтік автокөлік жұмылдырылады.


Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес, бүгінгі таңда «SATTI TULIK» ЖШС және «Защита растений-К» ЖШС жеңімпаз болып танылып, химиялық өңдеу көлемдері жоспарланған аумақтарда жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен химиялық күрес шаралары жүргізіледі. Ал әуеден «Авиакомпания Дельта-Юг» ЖШС АН-2 ұшақтарымен өңделеді.


Сонымен қатар жеңімпаз болып танылған мердігер мекемелердің осы жұмысқа дайындығын анықтау мақсатында биыл химиялық күрес жұмыстарына қолданылатын «Тиаметрин с.к.», «Карат Супер 100 к.э.» және «Пиларкинг 20% в.к.» препараттары мен жер үсті бүріккіш техникаларының дайындығы таныстырылды.