ТҮРКІСТАН: Медициналық ұйымдардың қарызын жабу мәселесі қаралды

0
453

Берешегі бар ауруханалар кезең-кезеңімен берешегін жабады деп күтілуде.


ТҮРКІСТАН: Медициналық ұйымдардың қарызын жабу мәселесі қаралды

Түркістан облысында медициналық ұйымдардың кредиторлық берешектерін оңтайландыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында медициналық ұйымдардың кредиторлық берешектерін оңтайландыру мәселесі қаралды Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Нұрлан Қыдырбаев, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев және аурухана басшылары қатысты.


«Өңіріміздегі медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін оңтайландыру арқылы қаржылық тұрақтылықты жақсартуға болады. Бұл бағытта біршама жұмыстар атқарып келеміз. 2022 жылы 3 медициналық ұйымда ғана болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша 8 медициналық ұйымда кредиторлық қарыз тіркелген. Биыл 31 наурыздағы жағдай бойынша оның жартысынан көбі жабылған. Өздеріңізбен бұл мәселені жүйелі шешу бойынша арнайы кездесіп отырмыз. Жұмысты заңдылығына қарай қайтадан дұрыс ұйымдастыруды тапсырамын. Бұдан бөлек жеке қабылдау барысында осы салаға жиі шағымданып жатады. Заң аясында қараңыздар. Үшінші мәселе МӘМС бойынша түсіндірме жұмыстарын күшейту керек», – деді облыс әкімінің орынбасары.


Жиын барысында Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Кенжебаев баяндама жасады. Берешегі бар ауруханалар кезең-кезеңімен берешегін жабады деп күтілуде. Оның алғашқы бөлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан сәуір айында қаражат түскеннен кейін жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар кредиторлық берешектің шешу жолдары айтылды. Оның ішінде медициналық ұйымдар қаражатты ұтымды және тиімді пайдалану, үнемі кіріс-шығыс есебін талдап отыру, кредиторлық берешекті қысқарту және жоюдың апта сайынғы және ай сайынғы бақылауы, дәрі-дәрмектерді бақылауға алу, кадрлық қызмет бойынша оңтайландыру, сонымен қатар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен үнемі айналым ведомсын жасау сынды ұсыныстар айтылды.


Айта кетейік, облыста 756 медициналық ұйым қызмет көрсетуде. Оның 8-і облыстық аурухана, 2-і балалар ауруханасы, 3-уі қалалық аурухана, 17-сі орталық аудандық аурухана және аудандық аурухана, 5-уі оңалту орталығы, 4-уі емхана, 6-уы басқа мекемелер. Бұдан бөлек облыстық денсаулық сақтау басқармасында 45 мемлекеттік және 130 жеке меншік (оның ішінде 36 емхана) мекеме бар. Қазіргі таңда барлық медициналық ұйымға кредиторлық берешектің алдын алу үшін арнайы екі топ құрылып, талдау мониторингі жүргізіліп жатыр.