ТҮРКІСТАН: «MIRAS» кеңесі рухани мұрамызды түгендеуге атсалысып жатыр

0
646

Алдағы уақытта да қордаланған мәселелерді шешуге атсалыса бермек.


ТҮРКІСТАН: «MIRAS» кеңесі рухани мұрамызды түгендеуге атсалысып жатыр

Түркістан облысында «MIRAS» қоғамдық кеңесі жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Осыдан біршама уақыт бұрын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанынан «Miras» деп аталатын азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегіқоғамдық кеңес құрылған. Кеңестің мақсаты – өңірдегі құндылықтарды дәріптеп, өзекті мәселелерді қарау. Аты айтып тұрғандай, мұнда бас қосқан кеңес мүшелері мәдениет пен өнерді дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, талқылайды. Бүгінде Түркістан облысындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің құрамында 22 мүше бар. Партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреқызы төрағалық ететін кеңеске өңірге танымал Бекжігіт Сердәлі, Бекарыс Шойбеков, Жанахмет Ағыбаев сынды зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, мәдениет саласының майталмандары, профессорлар мен ғылым кандидаттары енген. Тиісінше, қазіргі уақытта бұл қоғамдық кеңес өңірдегі өнерді дамыту аясындағы жұмыстарға белсене араласып, бірқатар мәселенің шешілуіне түрткі болып отыр.


Атап өтсек, жыл басынан бері қоғамдық кеңестің 4 отырысы өткізілген. Алғашқы отырыста кеңестің жаңа құрамы таныстырылып, 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар, Ахмет Ясауидің 930 және Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын облыс көлемінде атап өтудің дайындық жұмыстары мен өткізу барысы талқыға түскен. Кеңес мүшелері тарапанынан ұсыныс-тілектер айтылып, мерейтой қарсаңында өтетін іс-шаралар туралы шешімдер анықталған. Өз кезегінде қоғамдық кеңес шешімнің орындалуын да бақылауға алған.


Ал, екінші мәжілісте мемлекеттік қызметшілердің қызметке орналасу кезінде мемлекеттік тіл – қазақ тілін жетік білуі және қазақ тіліне құрметпен қарауды айқындайтын заңнамалық нормативтік құқықтық-норманы ҚР «Мемлекеттік тіл» туралы Заңына енгізу жайы талқыланған. Оған қоса, кеңес мүшелері ауылдағы клубтар мен мәдениет үйлерінің, кітапханалар мен үйірме жұмыстарын жақсарту бойынша ойларын ортаға салған. Сәйкесінше, бұл жиында облыстық мәдениет және туризм, адами әлеуетті дамыту, облыстық денешынықтыру және спорт, сәулет және қала құрылысы басқармаларының, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректорының есептері тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданған екен.


Қоғамдық кеңестің кезекті үшінші отырысы ҚР Конституциясы күні мерекесі аясында «Ата Заң – азат елдің ар-намысы» тақырыбы аясында өрбіпті. Жиында Ата заңды құрметтеу, азаматтарға Отансүйгіштікті, ұлтжандылықты насихаттау бойынша әлеуметтік желіде кеңінен ақпарат жариялау мәселесі сөз болған. Одан бөлек, кеңес мүшелері айтулы күннің тарихына шолу жасап, өзара пікір алмасқан. Сонымен бірге, қоғамдық кеңестің келесі отырыстарында қоғамды толғандыратын тақырыптарды көтеру жөнінде ұсыныстар айтылып, мәселелер назарға алынған.


Сондай-ақ, бірер күн бұрын кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауындағы міндеттер сөз болды. Атап өтер болсақ, тарихи құжаттағы халқымыздың тұрмысын жақсартуғабағытталған бастамалар және алдағы уақытақа жоспарланған ауқымды іс-шаралар баяндалды. Сонымен қатар, «Miras» қоғамдық кеңесінің хатшылығына кеңестің көшпелі отырысын ұйымдастыру мәселесі ұсынылып, тыңдалған баяндамаларға сәйкес, шалғай ауылдардағы кітапханашылардың жалақысын көтеру жайы айтылды. Оған қоса, облыстық мәдениет және туризм басқармасына Қаратаудың бөктеріндегі «Оғыздар» тұрағына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс берілетін болды.


Кеңес мүшелерінің сөзіне сенсек, өңірдегі зиялы қауым өкілдері, өнер және мәдениет қайраткерлері алдағы уақытта да қордаланған мәселелерді шешуге атсалыса бермек.