ТҮРКІСТАН: «Nur Оtan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

0
728

«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.


ТҮРКІСТАН: «Nur Оtan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жиында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен елімізде маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүріп жатқанын, бұл жұмыста жетекші партияның елеулі үлесі барын атап өтті. Сонымен бірге Елбасы «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін тапсыру туралы шешім қабылдай отырып, партияны ел Президенті басқаруы керектігіне де тоқталды.


Саяси кеңес отырысында Елбасы партия үнемі уақыт талабына сай жаңарып, елдің мүддесін қорғап, өмір сапасын арттыруға күш салуы керектігін айтты. Тәуелсіздікті сақтау басты мұрат екенін жеткізді. Жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.


«Біз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Әлем қартасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін аянбай еңбек еттік. Ендігі кезекте осы жетістігімізді еселеп арттыру ел ынтымағы мен тұтастығына байланысты. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Олардың алдыңғы шебі орда бұзар отызға толып отыр. Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық. Әлемде көлемі жағынан 9-шы орын алатын байтақ атырапты еншілеу Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі деп білеміз. Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Алдағы 30 жыл – елдігімізді нығайтудың жаңа кезеңі болары хақ. Елдің ең ірі саяси партиясы ретінде «Nur Otan» осы бағытта атқарылар істердің алдыңғы шебінде болуы керек. Рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жету үшін және Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында тынбай жұмыс істеуге тиіспіз!», - деді Н.Назарбаев.


Саяси кеңес отырысына Түркістан облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының бюро мүшелері, партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңес төрағалары онлайн режимде қатысты.


Түркістан облысы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі 5 жылға жоспарланған 1 облыстық, 16 аудан және қалалық Жол карталары әзірленді. Жол картасына облыс халқының талқылауынан өтіп, бірінші кезекте шешуді қажет ететін 1944 іс-шара енгізілді. Жыл басынан бері 991 іс шара (52,2%) мерзімінен бұрын орындалды, ал 538 іс шара орындалып жатыр.