БІЛІМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті ұстаздар, ата-аналар және оқушылар!
Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен, 1 қыркүйек - Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Білім - елдің ертеңін айқындайтын ең басты құндылықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларымен елімізде жас ұрпақтың сапалы білім алып, қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне ерекше мән берілуде. Бұл бағытта білім беру инфрақұрылымын жаңарту, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту және әр балаға тең мүмкіндік қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.
Түркістан облысы - еліміздегі білім алушылар саны ең көп өңірлердің бірі. Бүгінде аймақта 550 мыңнан астам оқушы білім алып, оларға 80 мыңнан астам педагог сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Биыл 50 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, үлкен білім әлеміне қадам басуда. Бұл - өңіріміздің демографиялық әлеуеті мен білім саласына артылып отырған жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Жаңа оқу жылы әр шаңыраққа қуаныш, әр оқушыға жаңа жетістік әкелсін! Алғаш рет мектепке барған бүлдіршіндердің жүрегінде білімге деген сүйіспеншілік қалыптасып, ұстаздардың еңбегі жемісті болсын. Оқушыларымыз биік белестерді бағындырып, түрлі білім додаларында Түркістанның мерейін үстем ете берсін!
Құрметті әріптестер!
Ұстаз - ұлт болашағын тәрбиелейтін ұлы мамандық иесі. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен шәкіртке деген шынайы жанашырлықтарыңыз – өңір білімінің басты тірегі.
Жаңа оқу жылы құтты болсын! Әр мектепте шат күлкі, әр сыныпта ізденіс, әр жүректе үлкен арман болсын!
Ізгі ниетпен,
Түркістан облысының білім басқармасының басшысы
Орынов Ғалымжан Қалдыкөзұлы


