Отандық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтіліп отыр.
Түркістан облысы Абай өңіріне көрме орталығын тарту етеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Семейде «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті және Сенат депутаттары, шетелдік және отандық инвесторлар, Абай облысынан шыққан ірі кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері қатысты. Сонымен бірге бірнеше әкімдіктерінің басшылығынан да жауапты тұлғалар қатысып, «Абайға құрмет» республикалық акциясына қолдау білдірді. Форумға арнайы барған Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев абайлықтарға түркістандықтардың ыстық ықыласын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Абай облысы құрылып, Алаштың астанасы атанған Семей өңірінің жаңа тынысы ашылды. Игі бастаманы біз де қуанышпен қабылдадық. Ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай елімізде «Абайға құрмет» республикалық акциясы басталып, барлық өңірлер Абай облысының дамуына үлес қосуда. Осы игі бастамадан Түркістан облысы да шет қалмай, заманауи Көрме орталығын салып беруді өз міндетіне алып отыр. Бұл көрмеде маңызды іс-шараларды, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға толық жағдай жасалады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Абай жұртшылығына ізгі ниетін жолдап, бізге осы ғимараттың құрылысын бастауды тапсырды. Осынау тарихи оқиғаға атсалысу – біз үшін үлкен мәртебе әрі абырой, – деді Еркебұлан Дауылбаев.
Түркістан облысы сыйға тартатын Көрме орталығы өңірдің мәдени және іскерлік әлеуетін арттыруға, отандық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтіліп отыр.