Мақұлданған жобалар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан.
Түркістан облысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруда республикада көш басында, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Үкіметінің 15 желтоқсандағы отырысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру барысы айтылған болатын. Әлемдік пандемия салдарынан туындаған экономикалық өзгерістерге қарамастан республика көлемінде мақұлданған жобалар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Түркістан облысы бойынша мақұлданған жобалар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, несие сомасы 29 млрд теңгелік 287 жобаға жеткен.
Мақұлданған жобалар саны және өсім динамикасы бойынша оңтүстік өңір өзге аймақтардан көш ілгері. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұловтың «Атамекен» Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы ұжымымен кездесуінде айтылды.
Оң көрсеткіштерге кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Өңірлік жобалық кеңсенің нәтижелі жұмысының арқасында қол жеткізілді. Осы ретте, Н.Иманқұлов Өңірлік жобалық кеңсенің жұмыс органы облыстық «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы ұжымына сәттілік тілеп, ҚР Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Жиын соңында бизнес үшін бағдарлама қолжетімділігін арттыру жұмыстарын жалғастыру барысы айтылды. Сонымен қатар, өңірдің көшбасшылық көрсеткіштерін сақтап қалу қажеттігі тұрғысындағы мәселе сөз болды.