Түркістан облысы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша бірінші орынға шықты

0
91

Қысқа мерзімді экономикалық өсім 118%-ды құрап, өңір республикада бірінші орынға шықты.


Түркістан облысы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша бірінші орынға шықты

Түркістан облысы 6 ай нәтижесінде макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша бірінші орынға шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларының рейтнгтік жүйесі әзірленген. Әрбір мекемеге индикаторлар бекітіліп, әр тоқсан сайын нәтижесі шығарылып, тұрақты талқыланады. Осы жұмыстар нәтижесінде биылғы 6 айда облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 118%-ды құрап, өңір республикада бірінші орынға шықты.


Облыс әкімідігінде өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен 2025 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстық алқа мәжілісі өтті. Маңызды жиынға аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары қатысты, Мәжілісте облысты дамыту, индикаторларды орындау мәселелері талқыланды. Рейтинг соңындағы аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептері тыңдалып, тиісті сын-ескертпелер айтылды. Облыс әкімі жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды.


– Облысты дамыту бағытында рейтнг жүйесі енгізілді. Әр тоқсан сайын алқа мәжілісін өткізіп, көрсеткіштерді талқылайтынымызды айтқан болатынмын. Сол арқылы аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары өз жұмыстарын, жоспарларын біледі. Бүгін алғашқы алқа мәжілісін өткізіп отырмыз. Жартыжылдықтағы көрсеткіштер сараланып, жоспарлар жасалады. Баяндамаларыңызда тапсырмаларды орындау жөнінде уәде бермей, оны қалай орындайтындарыңыз туралы айтыңыздар. Жалпылама сөз емес, нақты жоспар, нақты іс қажет. Баршаңызға белгілі, облысымызда 2024-2030 жылдарға экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша Жол картасы бекітілген болатын. Әсіресе, инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуына басымдық беріңіздер. Өндіріс орындарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілсін. Бекітілген Жол картамасы орындалмаған жағдайда жауапкершіліктеріңіз қаралатынын ескертемін. Үшінші тоқсан қорытындысымен бекітілген индикаторларды толық орындауды тапсырамын, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.


Мәжілісте Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, аудан, қала әкімдіктерінің және басқармалардың қызметі тиімділігінің рейтингтік бағалауы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, барлық салалар бойынша межеге қол жеткізілген. Аудан қала әкімдері мен басқамалардың қызметінің тиімділігін бағалайтын 9 блоктан тұратын 89 индикатордың биылғы 6 айға жоспарланғаны – 85. Оның ішінде 79 индикатор аудан, қала әкімдерінің қызметіне тиесілі болса, 6 индикатор облыс деңгейінде есептеледі. Жартыжылдық қорытындысымен қалыптасқан рейтингті І тоқсандағы көрсеткішпен салыстыратын болсақ, Қазығұрт, Сайрам және Шардара аудандары рейтингте өздерінің индикаторларын жақсартып, оң нәтиже көрсеткен. Басқармалардың да көрсеткіштері сараланды. Төмен нәтиже көрсеткен аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Оларға жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берілді.


Айта кетейік, 6 ай қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп өнім көлемі 723,3 млрд. теңгені құрап, 13,5%-ға артты. Өсім негізінен өңдеу және тау-кен өнеркәсібі есебінен болды. Облыс экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығында өнім көлемі 253,9 млрд. теңгені құрап, өсім 104,7% деңгейінде қалыптасты. Өндірілген өнім бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 230,3 млрд. теңгені құрап, 25,1%-ға артты. Жыл басынан 438,5 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға тапсырылып, өсім 118,2% деңгейінде қалыптасты. Облысты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Бөлісу