Түркістан облысында агросала мен экология бағытындағы жұмыстар жанданады

0
118

Қазіргі таңда облыс аумағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мақсатында 6 аймаққа бөлінген.


Түркістан облысында агросала мен экология бағытындағы жұмыстар жанданады

Түркістан облысында агросала мен экология бағытындағы жұмыстар жанданады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары, сондай-ақ табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу салаларындағы өзекті мәселелер қаралды.

Жиында «Ауыл аманаты» мен «Яссы несие» сияқты агро-жобалардың нәтижелілігі сараланды. Сонымен қатар вегетация кезеңінде суды үнемдеу, ветеринариялық қауіпсіздік пен базаларды нақтылау, заңсыз иемденілген жайылымдарды қайтарып, елді мекендерге бекіту мәселелері сөз болды. Экология бағытында қалдықтарды өңдеу мен 8,8 мың гектардан астам алқаптағы ағаштарды күтіп-ұстау жұмыстары да назардан тыс қалмады.

Қазіргі таңда облыс аумағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мақсатында 6 аймаққа бөлінген. Оларға кәсіпкерлерді тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Аталған аймақтарда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу саласын жүргізуге 7 кәсіпкер ұсыныс білдіруде. Сонымен қатар аталған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 238,0 млн. теңгеге қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде.

Одан бөлек облыста шет елдік технологияны пайдалана отырып, 60 гектарға терек ағашының қысқа мерзімде өсіп жетілуіне қол жеткізу жоспарлануда.

Ал көгалдандыру саласы бойынша облыс көлемінде күзгі көшет егу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған кезеңде 620 мыңнан аса көшет отырғызу жоспарланып, нақты нәтижелерге қол жеткізу көзделуде.

Жиынды қорытындылаған Нұрбол Тұрашбеков басқарма басшыларына белгіленген индикаторларды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды. Сонымен қатар бюджеттік қаражаттың әрбір теңгесі тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қажет екенін қатаң ескертті. Жауапты басқармаларға аталған бағыттар бойынша жұмыстарды жандандырып, нақты нәтижеге бағытталған шараларды күшейту тапсырылды.

Бөлісу