​Түркістан облысында Әсел Сағатованың қатысуымен семинар-тренинг өтті

0
2 463

«Жастар арасында проблема өте көп және статистикаға жүгінетін болсақ, өкінішке орай қазіргі таңда 14 жасқа толған жеткіншектердің 52 пайызы жыныстық қатынасқа түседі екен»


​Түркістан облысында Әсел Сағатованың қатысуымен семинар-тренинг өтті

Түркістан облысы, Төлеби ауданында «Отбасыдағы зорлық-зомбылықтың, ерте некеге тұру және қыз балалардың құқықтарын қорғау мен мүмкіндіктерін кеңейту» бойынша семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған семинарға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі - Асия Хайрулина, әнші әрі Қазақстандағы жастардың денсаулығын сақтау бойынша спикері - Ақмаржан Кушербаева, актриса - Әсел Сағатова, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, облыс жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы - Гүлмира Боранбаева, «Облыстық жас туристтер» орталығының директоры – Сауле Омирбаева, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы – Баян Жандосова, облыстық көшбасшы әйелдер клубының төрайымы – Құралай Бекенова және қала, ауылдық округтердің әйелдер кеңесінің төрайымдары, білім беру мекемелерінің психологтары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ұлттық мәдени орталықтарының төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты.

Асия Хайрулина әр қыз баласының дені сау, табысты, бақытты болуға құқығы бар екендігін және құқықтары мен бостандықтарының бұзылатын жағдайлардың болып тұратынын, мұндай бұзушылықтардың себебі - қоғамның, ата-аналардың және балалардың өз құқықтарының жеткілікті түрде білмейтіндігінен болатынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша, семинар-тренингке қатысушылар – қазіргі қоғамда балаларды тәрбиелеу, отбасының сақталуы жолындағы аналардың рөлі туралы, жастар арасындағы суицид, оның орын алу себептері, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, отбасындағы агрессивті мінез-құлық мәселелер бойынша сауалдарға жауап іздеді.
Актриса Әсел Сағатова «Өзіндік шешу құқығы» тақырыбындағы видеоролигіне тұсаукесер жасады. Мән-мағынаға тола видеоролик, семинарға қатысушыларға ерекше әсер етті.

Ал, Ақмаржан Кушербаева отбасыдағы зорлық-зомбылықты жасырмай, ортаға салып талқылау ұят емес екендігін айтып, семинарға қатысушылармен пікір алмасты.

«Жастар арасында проблема өте көп және статистикаға жүгінетін болсақ, өкінішке орай қазіргі таңда 14 жасқа толған жеткіншектердің 52 пайызы жыныстық қатынасқа түседі екен», - деді Ақмаржан Кушербаева өз сөзінде.

Семинар-тренингті қорытындылаған аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Айсұлу Тельбаева ауданымызға ой-пікір бөлісуге келген қонақтарға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар тарту етті.

Дереккөз: Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі