Түркістан облысында балалар туризмі қарқынды дамып жатыр

0
654

10 ауданда «Жас туристер станциясының» филиалдары жұмыс атқарады.


Түркістан облысында балалар туризмі қарқынды дамып жатыр

Түркістан облысындағы «Жас туристер станциясы» мекемесі биыл 30-ға жуық онлайн іс-шара өткізіп, оған 1 мыңнан аса бала қатысқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында туристік-спорттық, туристік-өлкетану және туристік-экскурсия бағыттарында облыстық «Жас туристер станциясы» мекемесі биыл 30-ға жуық онлайн іс-шара өткізіп, оған 1 мыңнан аса бала қатысқан. Бұл туралы мекеме директоры Сәуле Өмірбаева брифингте мәлімдеді.


«Облыс көлемінде 10 ауданда «Жас туристер станциясының» филиалдары жұмыс атқарады. Пандемияға дейін мекемеге қарасты Төлеби ауданындағы лагерьде түрлі бағыттарға экспедиция, экскурсиялар ұйымдастырылған. Бүгінде жобаларымыз онлайн форматта жалғасын табуда. Альпинизм федерациясымен меморандумға отырдық. Олар біздің мамандарға шеберлік сағатын өткізді. Табиғат аясында таулы аумаққа саяхат жасайтын болсаңыз тиісті сала мамандарын ертіп шыққан жөн. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтағаныңыз өміріңізге пайдасын тигізеді», - деді Сәуле Өмірсерікқызы.


Мекеме басшысы шаһарда балалар туризмін дамыту ауқымды жоба ұсынғысы келетінін айтты. Жазғы мезгілде қалада демалыс орындары аз. Сондықтан, облыс орталығында жасанды құз (скалодром) орталығы ашылса оқушылар мен ата-аналар, қала тұрғындары мен қонақтарына тың дүние болары анық деген пікірде.