Түркістан облысында демалыс орындарының қауіпсіздігі мен тазалық жұмыстары күшейтіле түсті

0
117

Туристерге қызмет көрсететін 245 орналастыру орны, 298 демалыс орны және 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істейді.


Түркістан облысында демалыс орындарының қауіпсіздігі мен тазалық жұмыстары күшейтіле түсті

Түркістан облысында демалыс орындарының қауіпсіздігі мен тазалығына қатысты жұмыстар күшейтіле түсті.

Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров туристік орындардың тазалығын, қауіпсіздігін жақсарту бағытындағы қарқынды жұмысты жалғастыру керектігіне тоқталды.

– Аудан, қалалардағы су нысандарына арнайы белгілер орнатуды және судағы қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауды жалғастырыңыздар. Облыс аумағында туристік инфрақұрылымды дамыту, сапалы қызмет көрсету мен жағажайдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Кемшілікке жол берген басқарма басшылығы мен аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларының жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізілсін. Туризмді дамыту – басым бағыт. Жұмысты жандардыру қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілістің күн тәртібі бойынша Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов пен Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешевтің есептері тыңдалды.
Түркістан облысында туристерге қызмет көрсететін 245 орналастыру орны, 298 демалыс орны және 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Әсіресе жазғы маусымда «Шардара» су қоймасы, Балықты көлі және «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне туристер көп барады. Облыс аумағында 27 орында суға шомылуға рұқсат етілген. Шомылуға тыйым салынған 111 қауіпті орынға арнайы ескерту белгілері орнатылған. Бұл жұмыстар су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Алайда қауіпсіздік талаптарын орындамайтындар көп. Осы бағытта бақылау күшейтіледі.
Облыстың туризм саласын дамытуға бағытталған қадамдық жоспар бекітілген. Аталған жоспар аясында аудан және қала әкімдіктеріне демалыс және туристік орындарда санитарлық тазалықты тұрақты түрде қамтамасыз ету тапсырылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде де тиісті жұмыстар жүруде. Әр мекемеге өзіне қатысты міндеттемелер енгізіліп, тиісті тапсырмалар берілген.
Мәжілісте туристік орындардың инфрақұрылымын жақсарту, туризм кластерін дамыту, қауіпсіздік талаптарын күшейту, саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау бағытында ұсыныстар мен тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді. Облыстағы жағажайларда мониторинг, реттеу жұмыстары жалғасады.
Бөлісу