Түркістан облысында дезинсекция іс-шаралары үздіксіз жүргізілуде

0
159

Өңірде фитосанитариялық ахуал тұрақты.


Түркістан облысында дезинсекция іс-шаралары үздіксіз жүргізілуде

Түркістан облысында дала жұмыстары, зиянкес жәндіктерге қарсы дезинсекция іс-шаралары үздіксіз жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы аумағында дернәсілдерге, оның ішінде шегіртке және шіркейге қарсы жұмыстар қарқынды жүргізіліп, күнделікті күшейтілуде. Дезинсекциялық шараларды іске асыру барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында. Өңірде фитосанитариялық ахуал тұрақты. Бұл туралы аймақ басшысының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.


Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға тұрғындарға қолайлы өмір сүру үшін жағдай жасау және егістік алқаптарға зиян келтірмеу мақсатында зиянкестермен күрес жұмыстарын тоқтатпауды тапсырды. Химиялық өңдеу жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізуді міндеттеді. Қажетті техника және препараттармен, арнайы мамандармен қамту керек екенін айтты.


Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, облыстағы 52 елді мекен 15 секторға бөліп, 600-ге жуық көшеде заласыздандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бақылау нәтижелері препараттардың тығыздығы жоғары аумақтарда тиімді әсер беріп жатқанын көрсеткен.


Биыл шіркейге қарсы дезинсекция шаралары Сырдария өзеніне, сондай-ақ, Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Отырар, Шардара, Келес, Ордабасы, Сауран аудандарында атқарылып жатыр. Ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын «Защита-растений-К» ЖШС жүргізуде. Бүгінгі таңда Сырдария өзеніне 9 рет биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Сырдария өзенінің бойына 95 120 кг препарат құйылды. Одан бөлек, барьерлік химиялық өңдеу жұмыстары атқарылуда. Дезинсекция шараларына бүрку қондырғылары орнатылған толық жетекті 27 техника, 21 қолдық арқа бүріккіш, 3 термогенератор және 2 дрон тартылған. Арнайы құрылған комиссиялық топ дезинсекция жұмыстарының барысын бақылауға алған. Жағдай тұрақты.


Аппарат отырысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы есебі тыңдалды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жоспарланған 519 мың гектар жаздық дақылдар 100 пайыз егілді. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 133,1 мың гектарға, бұршақты дақылдар 2,7 мың гектарға, майлы дақылдар 72,4 мың гектарға, мақта 141,2 мың гектарға, көкөніс 42,1 мың гектарға, картоп 13,8 мың гектарға, бақша 61,7 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 49,2 мың гектар жерге егілді. Минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша, отандық зауыттарға 23,2 мың тонна тыңайтқыштың қаржысы алдын ала төленді. Тауар өндірушілер тарапынан 95,3 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Таратушы операторлар арқылы бөлінген 19 мың тонна дизель отынының 18 мың тоннасы тауар өндірушілерге босатылды.


Биыл облыста аса қауіпті зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 450 мың гектарға жүргізілді. Химиялық өңдеу жұмыстарына 275 жер үсті техникасы, 909 аспалы бүріккіш, 7 дрон және 4 ұшақ жұмылдырылған. Шегірткелерге қарсы «Тиаметрин с.к.», «Каратэ супер к.э.» және «Ацет 200» препараттары қолданылуда. Өңдеу жұмыстарына қажетті препарат қоры жеткілікті. Жұмыстар жалғасады.

Бөлісу