ТҮРКІСТАН: Мәслихат төрағалары атқарылған жұмыстарды баяндады

0
115

Өкілді органдардың жұмысын жария ету, халықпен кері байланыс орнату және саяси мәдениетті жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам болып отыр.


ТҮРКІСТАН: Мәслихат төрағалары атқарылған жұмыстарды баяндады

AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы аудандық мәслихат төрағаларының есеп беру жиынын жалғастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы аудандық мәслихат төрағаларының есеп беру және сайлауалды уәделердің орындалу барысы бойынша брифингтер өткізу дәстүрін қайта жаңғыртты. Баспасөз мәслихатына Отырар аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, Жетісай аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов және Мақтаарал аудандық мәслихатындағы тұрақты комиссия төрағасы Қалмырза Бейсенбаев қатысып, атқарылған жұмыстар жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне есеп берді.


Отырар аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов өз баяндамасында 50 мыңнан астам тұрғыны бар өңірдің басты экономикалық күші ауыл шаруашылығы екенін атап өтті. Биыл ауданда 55 917 гектар жерге егін егіліп, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 20 917 гектарға артқан. Егіс жұмыстары толық аяқталып, 432 298 тонна өнім жиналған. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, соның ішінде мақта кластерін дамыту бағытындағы жетістіктер де баяндалды.


– Отырар аудандық мәслихатының сегізінші шақырылымындағы 13 депутаттың 11-і “AMANAT” партиясының мүшесі. Биыл екі тұрақты комиссияның 4 отырысы өткізіліп, 27 мәселе қаралды. Аудандық және ауылдық округтердің бюджеттеріне өзгерістер енгізіліп, аудан әкімі мен бөлім басшыларының есептері тыңдалды. Депутаттар тарапынан 208 депутаттық сауал, соның ішінде өз атымнан 94 сауал жолданды, – деді Уалихан Жамалханұлы.


Депутаттың айтуынша, тұрғындар тарапынан ауыз және ағын су, жолдарды асфальттау, жарықтандыру, білім мен денсаулық нысандарын жөндеу, шыбын-шіркейге қарсы дәрілеу сияқты тұрғындар өміріне тікелей әсер ететін мәселелер жиі көтеріледі. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 70 әлеуметтік осал отбасыға 4,9 млн теңге көлемінде көмек көрсетіліп, 200-ге жуық оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешек алынған.


Жетісай аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов өз сөзінде мәслихаттың ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті. Биыл аудандық мәслихаттың 6 сессиясы өтіп, 44 шешім қабылданған. Депутаттар жергілікті атқарушы органдарға 80 депутаттық сауал жолдап, оның 95 пайызы орындалған. Аудандық мәслихат аппаратына 59 азаматтық өтініш түсіп, барлығы заң шеңберінде қаралып, уақытылы жауап берілген.


– «AMANAT» партиясының аудандық филиалымен бірлесе отырып, бастауыш партия ұйымдарында 67 кездесу өткізілді. Онда партияның жобалары мен бағдарламалары талқыланып, жергілікті мәселелер бойынша пікір алмасулар ұйымдастырылды, – деді Медет Алмасбекұлы.


Мақтаарал аудандық мәслихатындағы тұрақты комиссия төрағасы Қалмырза Бейсенбаев ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Аудандағы 18 депутаттың 15-і«AMANAT» партиясының мүшесі. Биыл 5 сессия өткізіліп, 27 шешім қабылданған. Бюджет көлемі 16,6 млрд теңгеге жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 3,9 млрд теңгеге артқан. Фракция мүшелері білім, денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құқық қорғау, спорт және мәдениет салалары бойынша 110 депутаттық сауал жолдаған. Ал партияның сайлауалды бағдарламасы аясындағы 46 іс-шараның 23-і орындалған. Сонымен қатар, фракция мүшелері бастауыш партия ұйымдарында жиі кездесулер өткізіп, партияның саяси кеңес бюросы алдында өз қызметтері бойынша есеп ұсынған.


Баспасөз мәслихаты барысында журналистер Отырар ауданындағы мақта кластері менмәдени ескерткіштер тарапынан туризмді дамыту, Сырдария өзені суының тартылуы, ауданда жуырда ғана болған оқыс оқиағаға депутаттар тарапынан қандай да бір көмектер туралы сауалдар қойып, мейлінше ашық жауаптар алды.Ал,Жетісай мен Мақтаарал ауданына қатыстыауыз және ағын су тапшылығы, сорланған жерлердің жағдайы,шетелдік инвесторлар,жастардың жұмыспен қамтылуы сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Депутаттар қойылған сауалдарға нақты жауап беріп, өз бастамаларының халық игілігіне бағытталғанын атап өтті.


"AMANAT" партиясы Түркістан облыстық филиалы қолға алған аудандық мәслихат төрағаларының ашық есеп беру форматындағы брифингтері жергілікті өкілді органдардың жұмысын жария ету, халықпен кері байланыс орнату және саяси мәдениетті жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам болып отыр.

Бөлісу