300-ден астам адамды шаққан.
Түркістан облысында жыл басынан бері 318 азаматты кене шаққан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында жыл басынан бері 318 азаматты кене шақты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кенеден зардап шегушілердің 2 есе артқандығын көрсетеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары өткен жылы кене шағу санының төмен болуын карантинге байланысты табиғатқа шығу, серуендеуге қойылған шектеулермен байланыстырады.
Биылдың өзінде облыста КҚГҚ–ның 1 жағдайы тіркелді. Қазығұрт ауданының тұрғынын 10 мамыр күні өз ауласында кене шаққан. 2-3 күннен кейін әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, ине енгізу орындарының ауырсынуы, қызаруы сынды белгілері біліне бастаған соң, жедел жәрдеммен орталық ауруханаға жатқызылады. Қазір жағдайы орташа ауырлықта.
Түркістан облысы Республика бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан эпидемиологиялық қолайсыз аймақ. Кенелердің түрлері өте көп, әсіресе ағзасында конго қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышын тасымалдаушы искодтылары қауіпті болып саналды.
Облыс тұрғындары, әсіресе қорада мал асыраушылар үшін ерте көктемде аулаларына, қора-жайларда кенеге қарсы дезинсекциялық жұмыстарды жүргізгені абзал. Себебі қора жайлардан бөлек кенелер жайылымнан оралған малдарға жабысып келуі де ғажап емес. Сондықтан ауланы тазалап, жан-жақты сақтық шараларын ұстану маңызды. Кене шаққан жағдайда тез арада дәрігерге қаралу қажет.
Жалпы, жыл басынан бері 62 елді мекенде зоопаразитологиялық топ құрамдарымен барлау жұмыстары жүргізілді. Зоопаразитарлық топтар 15 252 дана кенені жинады. Оларды зерттеу нәтижесі бойынша 54 сынамадан оң нәтижелер, яғни КҚГҚ-ның вирустары анықталды. КҚГҚ қолайсыз болып саналатын 85 елді мекенде санитариялық қорғау аймақтары құрылып, залалсыздандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылды.