Өткен жылы құны 100 млн. теңгеге 1 жоба жүзеге асырылған.
Келес ауданында 1 млрд. теңгеге жуық қаржыға ірі 3 жоба іске асырылады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Келес ауданында өндірілген өнім көлемі 49,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 113,6 пайызға немесе 5,9 млрд. теңгеге артты. Оның 70,7 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданда 9 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылаған Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 110,6 пайызға орындалған.
«Аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 34,7 млрд. теңгеге жетіп, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 105,6 пайызға артты. Осы тұста айта кету керек, ірі қара мал 71,3 мың басқа, жылқы 22,4 мыңға, қой ешкі 397,9 мыңға, құс 39,8 мыңға және түйе 400 басқа жетті. Нәтижесінде 10,5 тонна ет, 41,2 мың тонна сүт, 2,3 мың тонна жұмыртқа өнімдері өндірілді. Ал, егін шаруашылығы бойынша егістік көлемі 24,3 мың гектарға кеңейтіліп, 800 гектарға артты. Ол жерлерден 12,2 мың тонна өнім өндірілді», – деді аудан әкімі.
Одан бөлек, аудан әкімі кәсіпкерлік саласында «Индустриялды - инновациялық даму» бағдарламасы аясында жалпы құны 998,4 млн. теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру жоспарланып жатқанын жеткізді. Өткен жылы құны 100 млн. теңгеге 1 жоба жүзеге асырылып, 15 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, құны 250 млн теңгені құрайтын 1 ірі жоба іске қосылды.
Аудандағы жұмыссыздықтың деңгейі 4,8 пайызды құраған. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша нақты 75 азамат жұмысқа тартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардан 51 жұмысқа орналастырылды.