Түркістан облысында Құрбан айт мерекесі ұлттық нақышта атап өтіледі

0
449

Киіз үйлер құрылып, мерекелік дастархан жайылып, балаларға айттық таратылады, ұлттық ойындар ұйымдастырылады.


Түркістан облысында Құрбан айт мерекесі ұлттық нақышта атап өтіледі

Құрбан айт мейрамына орай Түркістан облысының мешіттерінде мерекелік іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Осыған орай Түркістан облысының мешіттерінде мерекелік іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, киіз үйлер құрылып, мерекелік дастархан жайылып, балаларға айттық таратылады, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов айтты.


«Құрбан» – араб сөзі. Мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді, бұл лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау деген сөз. Құрбан айт мерекесі биыл 28-30 маусым аралығында атап өтіледі. Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Яғни, аталмыш уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. Айт намазы Түркістан облысында сағат таңғы 6:30-да басталады. 27 маусым – Арапа күні қажылыққа бармаған адамдарға ораза ұстау үлкен сауап болады. Хадистерде айтылғандай, айт күндері жасалатын игі істердің ең абзалы – құрбан шалу. Ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбан шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп, яғни міндет», - деді Ержан Сматұлы.


Өңірдің бас имамы атап өткендей, күнделікті күнкөрісінен бөлек артық дүниесі бар мұсылманның құрбан шалуы міндетті. Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс.


Бас имамның айтуынша, Құрбан айт мерекесіне орай, аудан, қалалардағы ірі мешіттердің аулаларына киіз үйлер құрылып, жамағатқа дәстүрге сай дәм ұсынылатын болады. Сондай-ақ мұқтаж отбасыларға және Кентау мен Сарыағаш қалаларындағы медреселердің шәкірттеріне айттық қоржындары таратылады. Бұдан бөлек, ақсақалдар мен апаларға, Балалар үйіндегі бүлдіршіндерге айттық дастарханы жайылып, мерекелік шара ұйымдастырылмақ.


Брифинг барысында Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Жұмадуллаев құрбандыққа қандай мал жарамды екенін айтып, шаруаларды айт күндері мал бағасын тұрақты ұстауға шақырды.


«Айт мерекесінде кәсіпкерлерді мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге шақырамыз. Қала тұрғындары құрбан шалу барысында санитарлық нормаларды қатаң сақтауы тиіс. Құрбандық шалуда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Одан өзге пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс. Құрбандыққа бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, құлақсыз шұнақ, мүйізі сынған болмауы керек. Әртүрлі кемшіліктерден ада, толыққанды түлік болуы тиіс», - деді Мұхамеджан Ергешбайұлы.


Айта кетейік, Құрбан айт мерекесі қарсаңында өңірдегі қасапшылармен арнайы жиын өтіп, оларға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Онда малды шариғат талаптарына сай сою және санитарлық талаптарды сақтау және т.б. мәселелер талқыланды. Ел азаматтары, әсіресе, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында елімізде бұл рәсімді қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайты іске қосылған.