9,3 млрд. теңге артығымен қамтамасыз етілді.
Түркістан облысында 2023 жылы өзіндік кірістердің жоспары 105% орындалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында 2023 жылы өзіндік кірістердің жоспары 105% орындалып, 9,3 млрд. теңге артығымен қамтамасыз етілді. Жоспар 176,3 млрд. теңге болса, нақты түсім 185,6 млрд. теңгеге жеткен. Оның ішінде салықтық түсімдердің жоспары 102% орындалып, нақты түсім 149,1 млрд. теңгені құраған. Жоспар 3,4 млрд. теңгеге артығымен орындалып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте осы деректер айтылып, алдағы жоспарлар талқыланды. Кіріс көлемін көбейту, қаржы саласындағы жұмыстарды күшейту, «көлеңкелі экономиканың» жолын кесу бағытында тапсырмалар беріліп, міндеттер қойылды.
«Жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту, өзіндік кіріс көлемін көбейту – басты міндет. Аудан, қала әкімдері, қаржы, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласына жауапты басқарма басшылары Мемлекеттік кірістер департаментімен осы бағытта жұмысты жандандырулары тиіс. Біз бір-бірімізге сыни көзбен қарамасақ, алға жылжу, даму болмайды. Кәсіпкерлерге салық төлеудің маңызын түсіндірген жөн. Сауда орындарын, кәсіпкерлік нысандарын тіркеп, жұмысты жүйелеңіздер. Облыстың өзіндік кірісі ұлғайғанда ғана күрделі мәселелерді шеше аламыз. Бюджетті молайтуда биік меже қою қажет», – деген Дархан Сатыбалды жоспарды орындамаған аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтты. Тапсырмалар берді.
Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, өңірде салықтық емес түсімдердің жоспары 109% орындалды. Жоспар 15,5 млрд. теңге деп белгіленсе, нақты түсім 16,8 млрд. теңгені құраған. Ал негізгі капиталды сатудан түсетін түсімнің жоспары 130% орындалып, нақты түсім 19,6 млрд. теңгеге жеткен. 4,6 млрд. теңге артығымен орындалған. Облыс бойынша өзіндік кірістердің өсу қарқыны 113% құрап, түсімдер 21,6 млрд. теңгеге артты. Оның ішінде салықтық түсімдер 32% немесе 36,5 млрд. теңгеге артып отыр.
Мәжілісте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мақсат Нұрахаевтың баяндамасы мен ұсыныстары тыңдалды. Салық органы тарапынан кәсіпкерлік қажеттілікте пайдаланылатын объектілердің бағалау құнын анықтау, салық төлеу мәдениетін көтеру және қаржы саласына қатысты жұмыстар атқарылып келеді.