Түркістан облысында сексеуіл алқабы ұлғайып жатыр

0
479

2021-2025 жылдар аралығында 41 млн. ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.


Түркістан облысында сексеуіл алқабы ұлғайып жатыр

Түркістан облысында сексеуіл алқабы ұлғаюда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Соның ішінде ең үлкен сексеуілді алқап Созақ өңірінде шоғырланған. Бес жылда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республиканың орман қоры жерлерінде 2 млрд. түп көшет егу тапсырмасын іске асыру аясында Созақ орман шаруашылығына тиесілі 32 мың гектар жерге 2021-2025 жылдар аралығында 41 млн. ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.


Бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова ормандарды молайту жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.


Өткен жылы жоспар аясында 6750 гектар алқапқа 33750 кг сексеуіл тұқымы себіліп, 7500000 түп сексеуіл ағашы өсірілді. Биыл 9500 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін жер айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 5500 гектар жер жыртылып, дайындалды. Жер айдау жұмыстарына мекемеден 9 техника бөлінген. Мамыр айының соңында жер айдау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Күз айларында 9500 гектар аумаққа 47500 кг сексеуіл тұқымы себіліп 10 млн. 545 мың түп сексеуіл ағашы өсірілетін болады. Созақ ауданының климаттық ерекшелігіне байланысты мұнда негізінен қара сексеуіл егіледі.


«Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Самат Құлтасұлының айтуынша, 2021 жылы егілген 3 800 гектар орман екпелерінің шығымы – 50 пайыз. Бүгінгі таңда Созақ ауданында сексеуіл орманының алқабы ұлғайған. Мәселен, 2022 жылы Созақ орманшылары 4650 гектар жерге 23250 кг сексеуіл дәнін сеуіп, оны жасыл желекке айналдырып отыр. Сексеуіл – қасиетті ағаш. Оның табиғатқа тигізер пайдасы зор. Құм көшкінін сексеуіл тоқтады. Қазіргі таңда шөлді аймақта құм көшкіні басылған.


Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қоры жері 1 миллионнан аса гектар жерді құрайды. Алдағы уақытта алқаптың орманмен көмкерілген жер көлемі 735571 гектарға жетпек. Орманды жерлерде жүзген, жыңғыл, сораң, теріскен сияқты ағаш-бұталардың басқа да түрлері бар. Ал өте көп тараған ағаш түрі – қара сексеуіл, ол орманмен көмкерілген жердің 70 пайызға жуығын алып жатыр.