Түркістан облысында сұйытылған мұнай газының жеткізілуі тұрақты бақылауда

0
80

Белгіленген баға шегінде 1 литр газдың құны 102–107 теңге аралығында сақталуда.


Түркістан облысында сұйытылған мұнай газының жеткізілуі тұрақты бақылауда

Сұйытылған мұнай газы еліміз бойынша ҚР Энергетика министрлігі тарапынан белгіленген көлемде бөлінеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында бүгінде сұйытылған мұнай газын тарату және сату ісімен 50-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Белгіленген баға шегінде 1 литр газдың құны 102–107 теңге аралығында сақталуда.


Атырау мұнай өңдеу зауытының биылғы қазан айындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты еліміздің бірқатар өңірлерінде сұйытылған газ тапшылығы байқалды. Бұл – өндіріс процесіне қажетті техникалық шараларға байланысты уақытша ғана орын алған жағдай. Қазіргі таңда зауыттағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр және қараша айының алғашқы онкүндігінде толық аяқталады деп жоспарлануда. Осыдан кейін барлық өңірлерде сұйытылған газдың жеткізілу көлемі мен тұрақтылығы қалпына келтіріледі.


Осы жылдың қараша айына Түркістан облысына барлығы 11 880 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген.


Оның ішінде:

• ПКОП (Павлодар мұнай-химия зауыты) – 9 180 тонна,

• СНПС-Ақтөбемұнайгаз – 2 700 тонна.


Бүгінгі таңда облысқа сұйытылған мұнай газын жеткізу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда. 1–3 қараша аралығында өңірге 32 вагон немесе 1 085,65 тонна газ жөнелтілді. Қалған көлемдер бекітілген кестеге сәйкес айдың соңына дейін толық жеткізілетін болады.


Облыс және аудан, қала әкімдіктері тарапынан сұйытылған мұнай газының бөлінуі, жеткізілуі және сатылу бағасы қатаң бақылауға алынған. Тұтынушыларға қолжетімді бағаны сақтау, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың қажеттілігін өтеу бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.


Жалпы алғанда, қалыптасқан жағдай уақытша сипаттағы, жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты орын алған мәселе. Энергетика министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және газ таратушы кәсіпорындар бірлесе отырып, жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты шараларды іске асыруда.


Алдағы күндері Түркістан облысы тұрғындарына сұйытылған мұнай газының жеткізілімі толық қалыпқа келіп, тұрақты және үздіксіз қамтамасыз етіледі.

Бөлісу