Түркістан облысында тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасып жатыр

0
93

Облыста дайын тұрған 1009 пәтердің 843-і бойынша жалдау шарттары әзірленіп, тұрғындарға үлестіру жұмыстары жүргізілуде.


Түркістан облысында тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасып жатыр

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылған жұмыстар, оның ішінде тұрғын үй кезегі, дайын пәтерлерді үлестіру және жалдау ақысына субсидия беру мәселелері қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев пен Руслан Жайшаев баяндама жасап, тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстардың барысын таныстырды.

Бүгінде облыста 108 540 азамат тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұр. Соңғы бес жылда 8 939 адам жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілген. 2025 жылғы 25 мамырдан бастап тұрғын үй беру мәселесі «Отбасы банкке» толықтай өткен. Осыған байланысты кезекте тұрған азаматтарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда бұрын әкімдік кезегінде болған 69 119 азаматтың 56697-сі немесе 82%-ы түгендеуден өткен. Қалған 12 422 азамат бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Облыста дайын тұрған 1009 пәтердің 843-і бойынша жалдау шарттары әзірленіп, тұрғындарға үлестіру жұмыстары жүргізілуде.

Нұралхан Көшеров тұрғын үймен қамту халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік бағыт екенін атап өтіп, осы саладағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыруды тапсырды. Тұрғын үйлерді үлестіру жұмыстарын заң талаптарына сай әділ жүргізу, дайын пәтерлерді кезекте тұрған азаматтарға уақтылы әрі тиімді үлестіру, тұрғын үй кезегін түгендеу жұмыстарын сапалы аяқтау және саладағы өзекті мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Баспанаға нақты мұқтаж тұрғындарды қамтуға басымдық беру қажеттігін айтты.

Тұрғын үймен қамтудың маңызды бағыттарының бірі – жалдау ақысына субсидия беру. Бүгінде облыста 2 542 отбасы тұрғын үйді жалдау ақысына субсидия алуда. Осы мақсатқа 2026 жылға облыстық бюджеттен 500 млн теңге қаралған. Аудан, қала әкімдіктері субсидиялардың нысаналы пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізуде.

Жиында «Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Руслан Жайшаев тұрғын үймен қамту, кезекті түгендеу және тұрғын үйлерді үйлестіру бағыттарында Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстардың көрсеткіші жақсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы тұрғын үй құрылысы мен халықты баспанамен қамту бағытында республика бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен банк арасындағы өзара байланыстың жүйелі жолға қойылғанын айтып, тұрғындарды баспанамен қамту бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

Алдағы уақытта да елді тұрғын үймен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасады.

Бөлісу