Жайылым жерлерді жақсарту – Елбасы тапсырмасы.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Жайылым жерлерді жақсарту мақсатында Түркістан облысының Бәйдібек ауданында үлкен жоба қолға алынды. Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жүзімдік елді мекеніндегі «Агро Логистик» шаруа қожалығының 100 гектар жеріне ауыспалы жайылым жобасы енгізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бәйдібек ауданы ауылшаруашылығына қолайлы аймақ. Мұнда әсіресе мал шаруашылғы кең етек жайған. Дегенмен төрт түліктің азығын баптауда кемшілік жоқ емес. Әсіресе жайылым жерлердің жағдайы сын көтемейді. Осыны ескерген жергілікті билік 100 гектар аумаққа құны 50 миллион теңгені құрайтын электр қоршау орнатқан.
- Бұл біздің елімізде бірінші болып біздің ауданда қолға алынып отыр. Тиімділігі орасан. Сондықтан өз нәтижесін беретініне сенімдімін, - деп отыр Бәйдібек ауданының әкімі Бақтыбек Танагөзов.
Бұл жоба Оңтүстік-батыс өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп қолға алынып отыр. Мамандар 50 гектардан екіге бөлінген аумақтың біріне мал жіберіп, екіншісін 20 күнге дейін сақтау арқылы жер құнарлығын арттырып отыр.
Оңтүстік-батыс өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Жәнібек Паржанов бұл жоба аясында цифрлық даму бағыты да қолға алынғандығын және дрондар ұшылыратындығын айтып өтті. ЖПС орнатылып, сондай-ақ, электронды-компьютерлі ауыспалы дамыту жайы да қадағаланатынын да атап өтті.
«Агро Логистик» шаруа қожалығының еншісінде 1,5 мың гектер жайылым жер бар. Қазір қоршауға алынған аумақта 1500 бас мал жайылуда. Оның 120-сы ірі қара. Жергілікті әкімдіктің ықпалымен қолға алынған тың бастама атадан балаға мирас болған жер ананың қуаттылығын сақтап, қуаңшылықтан қорғауға зор мүмкіндік болмақ.
Ауыспалы жайылым жерлерді дамыту – өсімдік шаруашылығын көркейтуге оң әсерін тигізеді. Сондықтан сала мамандары дәл осындай жобаларды Түркістан облысының өзге аумақтарына да ендіруді жоспарлап отыр. Ол ең алдымен шаруалар ісінің шарықтауына мүмкіндік бермек.
Дереккөз: shymkenttv.kz