Соңғы қоңырау іс-шараларын 23 мамыр күні өткізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев оқу жылының аяқталуына байланысты мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиынға білім, денсаулық сақтау, дін істері басқармаларының басшылары, құқық қорғау органдары және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, Жастар ресурстық орталығының басшылығы, барлық аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібінде оқу жылының аяқталуы, Соңғы қоңырау шараларын үйлестіру, ҰБТ өткізу, балалардың жазғы сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтуын ұйымдастыру, қауіпсіздікті күшейту мәселелері қаралды. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейсов баяндама жасап, жоспарлармен таныстырды. Айтуынша, биыл 33 мыңнан астам оқушы 11-сыныпты бітіреді. Соңғы қоңырау іс-шараларын 23 мамыр күні өткізу жоспарланып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 16 мамыр - 10 шілде аралығында 27 мыңнан астам түлек қатысады. Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы мешіттердегі діни сауат ашу курстарына қатысу тек ата-ананың рұқсатымен ғана жүзеге асатынын ескертті. Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Бегімхан Ахметов қауіпсіздік шаралары туралы сөз қозғады.
— Оқу жылын сәтті аяқтау жұмыстарына жауапкершілікпен кірісіңіздер. Бей-жай қарау — балаларымыздың тағдырына қауіп төндірумен тең. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының арнайы тапсырмасы бар. Салғырттық танытқан тұлғалар жұмыстан шеттетіледі. Сондықтан тиісті деңгейде орындаңыздар. Мәселе болса бірлесіп шешу қажет. Әуелі ҰБТ мен соңғы қоңырауды өткізу міндеті тұр. Тестілеуге қатыспайтын 6500-дей оқушыға «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледждерге грантқа қабылдау бойынша профориентациялық жұмыстары атқарылуда. Оған «Серпін» бағдарламасын да қосыңыздар. Психологиялық қолдау көрсетуді қолға алыңыздар. Балалардың жазда маусымдық сауықтыру шараларына мән беріңіздер. Дайындықты пысықтаңыздар. Одан кейін суға кетудің алдын алу үшін шомылу аймақтарындағы рұқсаты жоқ нүктелерді белгілеп, халықты құлағдар ету керек. ТЖД қызметкерлерімен бақылап, хабарлап отыру өте маңызды. Мемлекет пен ата-анаға ортақ істе жанашырлық танытыңыздар, — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Облыс әкімінің орынбасары мәжілістен соң Түркістан қаласы аумағындағы «Балауса» лагеріне барып, нысанды аралап көрді. Бұл демалыс аймағы ағымдағы жөндеуден өтуде. Сондай-ақ модуль қойылып, құрылысы қарқын алған.
Жалпы жаз мезгілінде өңір көлемінде өңірде 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Оның 10-ы мемлекеттік болса, 21-і жекеменшік. 1-10 сыныпта білім алатын 439 мыңнан астам оқушы арнайы демалыс аймақтарында тынығады. Көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары, мектепішілік және полиция есебінде тұрған оқушылар, олимпиада жүлдегерлеріне басымдық беріледі.
Осы жылы 5 мемлекеттік лагерьге 52 модульді жатақхана қойылады. Модульдер 2 асхана, 4 әжетхана мен жуынатын бөлмелермен қамтылады. Нәтижесінде 7500-ден астам қосымша орын ашуға жағдайлар жасалуда. 23 мыңнан аса оқушы аталған модульдік лагерьлерде демалады. Бұдан бөлек, 5 мемлекеттік лагерьде ағымдағы жөндеу жүргізілуде.