Қосымша тағы 30 техника жұмылдыру қолға алынды.
Түркістан облысында шегірткеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарушы Сакен Қаныбеков пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс қаласындағы штабқа барып, Марокко шегірткесін жою бойынша атқарылған жұмыстарды бақылады.
Жауаптылар жалпы жұмылдырылған анықтаушылардың, техниканың саны мен жеткізілген химиялық препарат қоры туралы мәлімет ұсынды.
Арыста залалсыздандырылған жер көлемі 12 мың гектардан асты. Сарыағашта - 8мың гектардан, Келесте 6 мың гектардан астам жер өңделді. Жалпы облыстағы 5 ауданда химиялық залалсыздандыру өткен аймақ 30 мың гектардан асты.
Бүгінгі таңда қосымша тағы 30 техника жұмылдыру қолға алынды. Аймақтарға бүріккіш тіркемелер, мотопомпалар жеткізілуде.
Нұрбол Тұрашбеков “Zoom” бейнебайланысы арқылы лездемелік мәжіліс өткізіп, аудан әкімдеріне жұмысты үйлестіруде жауапкершілік танытуды ескертті.
- Өз аудандарыңыздағы жұмыстарды жеке қадағалауға алыңыздар. Берілген есеп нақты тірлікпен сәйкес келуі шарт. Аралау барысында кей аймақтағы көрсеткіштер ұсынылған мәліметтердегідей керемет емес екеніне көз жеткізіп отырмын. Талап та, жауапкершілік те бәрімізге бірдей, - деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.