Жиын барысында жұмысшы топ мүшелері ұсынылған логотиптерге қатысты ой-пікірлерін білдіріп, бірқатар ұсыныстар айтты.
Түркістан облысының өңірлік логотипін әзірлеу мәселесі қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында өңірлік нышанды (логотип) әзірлеуге арналған конкурс аясында 14 автор ұсынған 55 жоба арнайы жұмыс тобының қарауына ұсынылды. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен аталған жобаларды талқылауға арналған жиын өтті.
Сәулетшілер, дизайнерлер, тарихшылар мен өлкетанушылардан құралған жұмысшы топ әр ұсынылған жобаны жан-жақты саралап, тарихи, мәдени, географиялық, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерге сай болуына баса назар аударды.
Жиын барысында жұмысшы топ мүшелері ұсынылған логотиптерге қатысты ой-пікірлерін білдіріп, бірқатар ұсыныстар айтты. Жобаны әзірлеу барысында қойылған талаптар бойынша байқауға қатысушылар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту идеясын бейнелеуге және геральдикалық белгілерді сақтауға міндетті.
Жақында үздік жұмыс іріктеліп, облыстың ресми өңірлік логотипі ретінде бекітіледі деп жоспарлануда. Айта кетсек, конкурсқа кез келген ҚР азаматы қатысуға мүмкіндік алды. Байқау жеңімпазын арнайы комиссия құрамы анықтайды. Жеңімпазға арнайы марапат пен қаржылай сыйлық табысталады.