ТҮРКІСТАН: Ордабасыда 5 ауыл сапалы ауызсумен қамтылады

0
2 271

3,5 шақырым полиэтилен құбыр жабыстырылып, жинақталған.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда 5 ауыл сапалы ауызсумен қамтылады

Ордабасы ауданының әкімі құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Бадам ауылдық округінде болып, құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Атап айтар болсақ, Ордабасы және Дербес ауылдарындағы жұмыстарды көрді.


Атап өтсек, Ордабасы ауылына «Ордабасы тарихи-өлкетану қорығынан» ауызсу желісі тартылып жатыр. Қазіргі таңда ұзындығы 2 шақырым болатын траншея қазылған және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, диаметрі 110 мм болатын 3,5 шақырым полиэтилен құбыр жабыстырылып, жинақталған. Одан бөлек, су мұнарасының іргетасы құйылған. Жалпы, ауыз су желісінің құрылысы аяқталған жағдайда Ордабасы ауылына іргелес жатқан Ұзынбұлақ, Баянбұлақ, Қылышбұлақ және Таңбалы бұлақ ауылдары да орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады.


Сонымен қатар, аудан әкімі Дербес ауылында құрылысы жүргізіліп жатқан фельдшерлік-акушерлік тіректің жай-күйімен де танысты. Аталған нысан бірер айдан кейін ел игілігіне табысталмақ.


Сапар соңында Бадам ауылдық округі әкімдігінде аудан әкімінің төрағалығымен көшпелі мәжіліс өтіп, онда ауылдық округте жүргізіліп жатқан жұмыстар сараланды. Жауапты мамандар мен ауыл әкіміне нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімдері белгіленді.