Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданындағы «Huating Biotechnology Co., LTD» компаниясының май және желатин компоненттерін өндіретін зауытының құрылыс барысымен танысты.
Темірлан елді мекенінде орналасқан кәсіпорын мал шаруашылығынан шығатын қалдықтарды тиімді кәдеге жаратып, сүйекті терең өңдеуге бағытталған. Зауытта мал сүйектерінен май және желатин компоненттері өндіріледі. Сонымен қатар сүйекті үгітіп, одан әртүрлі ыдыстар мен басқа да өнімдер, жем шығару мүмкіндігі де зерделеніп жатыр.
Жобаның жалпы инвестициялық құны – 9 млрд теңге. Оның бірінші кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынған. Бірінші кезеңін биыл қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланған. Бұл кезеңде 30 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорында жылына 5 мың тонна май және желатин компоненттерін өндірілмек. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі таңда зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған. Бүгінде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде.
Инвестор өндіріс ауқымын алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, малдың қанын да кәдеге жаратып, одан қосымша өнім өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдегі бордақылау алаңдарында жиналатын мал сүйектерін осы кәсіпорынға жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу тізбегін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Нұралхан Көшеров зауытты белгіленген мерзімде іске қосудың маңыздылығын атап өтіп, жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне кәсіпорынды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету мәселесін жедел шешуді тапсырды.
Жобаның іске қосылуы Ордабасы ауданында терең өңдеу өндірісін дамытуға, мал шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жаратуға және жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға жол ашады.


