Әкімдік пен демеушілер тарапынан тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілді.
Ордабасы ауданында мұқтаж жандар баспаналы болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында қайырымдылық іс-шаралары көбейіп келеді. Ордабасы аудан әкімінің бастамасымен кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен қайырымдылық шарасы аясында әлеуметтік санаттағы баспанаға мұқтаж отбасыға тұрғын үй тарту етілді.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Азат Оралбаев жаңа қоныс иелеріне шын жүректен құттықтап, жылылебізін білдірді.
– Қайырымдылық жасау үшін ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез-келген жағдайда адамдар бір-біріне әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Бүгінде сондай игі істерді мақсат еткен жомарт жандар арамыздан табылып, біздің ұсынысымызды дұрыс қабылдап, мінеки, баспана мұқтаждығын сезініп келе жатқан отбасыға тұрғын үй табыстағалы отырмыз. Демеуші азаматтарға алғысымды айтамын. Бұл керемет істі осымен тоқтатпай, ары қарай тұрақты үдеріске айналдырсақ деген жоспарымыз бар, –деді аудан әкімі.
Шараға аудандық маслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Бостандық Жәкей үй иелерін құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Бұл игі шараның жүзеге асуына демеуші болған «Құрылысшы» қайырымдылық қорын құрушы іскер азаматтар жылы лебіздерін жеткізіп, өз тараптарынан осы іске қолдау көрсеткен аудан басшылығына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бүгінгі сыйлық иелері әкімдік пен демеушілер тарапынан тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілді.