ТҮРКІСТАН: Ордабасыда жаңа фармацевтикалық кәсіпорын іске қосылды

0
72

Мұнда «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны, зарарсыздандырылған» және «қоректік ортаға арналған инактивтелген жылқы сарысуы» сынды жоғары сапалы өнімдер дайындалады.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда жаңа фармацевтикалық кәсіпорын іске қосылды

Ордабасы ауданында жаңа фармацевтикалық кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында «Дарын-2030» фармацевтикалық өндірістік кәсіпорны ашылды.


Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысан клиникалық-бактериологиялық зертханаларға арналған медициналық реагенттерді өндіруге бағытталған. Мұнда «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны, зарарсыздандырылған» және «қоректік ортаға арналған инактивтелген жылқы сарысуы» сынды жоғары сапалы өнімдер дайындалады.


Кәсіпорынның негізін қалаушы – 40 жылдан астам тәжірибесі бар провизор, фармацевтика саласының білікті маманы Джузенова Гулия Бексултанқызы. Ол жаңа өндіріс орны арқылы ел медицинасына сапалы отандық өнім ұсынуды және жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды мақсат еткен.


Нысанның ашылуында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кәсіпорынның ел экономикасына қосар үлесіне тоқталды. Ол өңірде осындай инновациялық бағыттағы жобалардың арта түсуі – мемлекеттің индустриялық-инновациялық саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті.


Аудан әкімі Азат Оралбаев заманауи нысанның ашылуымен тұрғындарды құттықтады.


«Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық даму саясаты аясында елімізде жоғары технологиялы, импортты алмастыратын өнімдерді өндіруге баса назар аударылып келеді. Осы бағыттағы бүгінгі маңызды қадам – ауданымызда осындай бірегей өндірістің ашылуы. «Дарын-2030» серіктестігінің бастамасы – бұл тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар отандық медицина мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосылған сүбелі үлес. Ендігі жерде шетелден әкелінетін өнімдер өз жерімізде, өз мамандарымыздың күшімен өндіріледі», – деді аудан басшысы.


Аралау барысында зауыттың өндірістік үдерісі мен заманауи технологиялардың жұмысы көпшілікке таныстырылды.


Жаңа фармацевтикалық кәсіпорынның іске қосылуы – өңір экономикасын әртараптандыру мен медициналық саланы дамыту жолындағы маңызды бастама болмақ.

Бөлісу