ТҮРКІСТАН: Орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынған

0
831

132 азаматқа 1 079 095 теңге көлемінде айыппұл салынған.


ТҮРКІСТАН: Орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынған

Түркістан облысы аумағында табиғи өрттердің туындау қатерін алдын алу шаралары кешенді жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы аумағында жазғы кезеңнің басталуына байланысты табиғи өрттердің туындау қатерін алдын алу шаралары кешенді жүргізілуде. Орман-дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында ауыл округтерде 815 ерікті өрт сөндіру құрылымдары бар. Сонымен қатар, шалғай жатқан елді мекендердегі өрттерді сөндіру үшін барлық аудандарда қажетті техникалармен жабдықталған жалпы 23 өрт сөндіру бекеттері құрылған. Қазіргі таңда, облыс аумағында болуы мүмкін табиғи өрттерді сөндіруге барлық күш пен құралдар дайын. Бұл туралы брифингте Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Асанғали Төлепбергенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жуырда ғана Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен тиісті мекемелердің қатысуымен созылмалы табиғи өрттерді сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген.

«Орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында облыс аумағындағы жалпы республикалық, облыстық маңызы бар және жергілікті автомобиль жолдарының бойларында, орман қоры жерлерінде, егістік алқаптарында өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстарын жүргізу жоспарланса, бүгінгі күнге жоспардың 80% орындалған. Сонымен қатар, облыс аумағындағы автомобиль жолдарының бойлары мен орман және егіс алқаптарында жалпы 16 билборд пен 54 аншалг-панно орнатылған. Атқарылған жұмыстарға қарамастан, өкінішке орай 2021 жылдың басынан бері облыс аумағында 2 орман өрті тіркеліп, жалпы көлемі 33,9 гектарды құрады», -деді Асанғали Мадиханұлы.

Құзырлы мекемелермен бірлесіп жалпы 13 шұғыл топ құрылып, рейдтік жұмыстар нәтижесінде 187 азаматтың өрт қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталған. Оның ішінде 54 азаматқа ескерту жасалып, қалған 132 азаматқа 1 079 095 теңге көлемінде айыппұл салынған.