Парламент Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова арнайы іс-сапармен Түркістанға келді.
Түркістанда отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мәселері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2021 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйел мен балалардың құқығын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында жоспарланған шаралар туралы азаматтық қауымдастықтармен кеңінен талқылап, барлық пікірлерді назарға алу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында елдің әрбір өңірінде отбасы құндылықтарын сақтау, отбасындағы зорлық-зомбылықты алдын алу және отбасы институтын нығайтуға бағытталған заң нормаларын жетілдіру бойынша тұрғындармен кездесу шаралары өткізілуде.
Осыған орай, бүгін Түркістан облысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова арнайы іс-сапармен келді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев Лаззат Керімқұлқызын арнайы қабылдап, облыстағы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәлімет беріп, пікір алмасты.
Сонымен қатар, Лаззат Рамазанова облыстағы қоғам өкілдерімен кездесіп, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мәселері жөнінде кеңес өткізді. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Рашид Аюпов ашып, жүргізіп отырды.
Аталмыш шараға әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу мәселелеріне қатысты тиісті сала басшылары, үкіметтік емес ұйым мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиында ардагерлер мен қоғамдық ұйым мүшелері өз ойларын ортаға салып, күн тәртібіндегі мәселенің қоғам үшін аса маңызды екенін айтты.