Жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба білікті дәрігерлер тарапынан қолдау тапты.
Түркістан облысы, Отырар аудандық орталық емханада қатерлі ісік ауруын айқындаудың жаңа жүйесі қолға алынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шалғай ауданда орналасқан емдеу мекемесі қызметкерлерінің бұндай бастамалары «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры Диляра Хайдарова мен бас дәрігері Нұрлан Балтабеков және еліміздің барлық онкологиялық орталықтардың бас дәрігерлерінің назарын аударды.
Өңірге «Халықаралық қатерлі ісікпен күрес күніне» орай онкүндік аясында іссапармен келген жұмысшы топ өкілдері алдымен үйлестіру кеңесінде бас қосып, соңынан жергілікті деңгейде қатерлі ісік ауруымен күрестің қалай жүргізіліп жатқандығын тексерді.
Отырар аудандық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаевтың айтуынша, науқаста қатерлі ісік белгілері байқалған жағдайда бірден жасыл дәлізге өткізіліп, шұғыл түрде бір күннің ішінде барлық қажетті тексеруден өткізіледі. Қолына жасыл білезік тағылып, ешбір кезексіз және барлығы да дәрігердің тікелей бастан –аяқ бақылауымен жүргізіледі. Жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба білікті дәрігерлер тарапынан қолдау тапты.
Себебі ауруды асқындырмай, дер кезінде анықтау өте маңызды. Өкінішке орай, онкологиялық дертке шалдыққан азаматтардың 70 пайызы дәрігерге аурудың төменгі сатыларында, яғни, кеш көрінеді. Бүгінгі таңда ауданда 209 науқас дәл осы аурумен есепте тұрады.
«Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» бас дәрігері Балтабеков Нұрлан Тұрсынұлы емхана дәрігерлерінің біліктілік деңгейлерін де тексерді. Өзі дәрігерге келіп көрінуші ретінде отырып, барлық кабинеттердің қандай дәрежеде екендігін тексерді. Емхана мамандарына дәл емтихандағыдай сұрақтарын жаудырды. Нәтижесі бойынша Отырар аудандық емхана қызметкерлерінің білім деңгейі де жоғары бағаланды.
Жалпы, облыс бойынша 8 мыңнан астам адам қатерлі ісік аурымен тіркелген. Кең тараған түрлері бұл – сүт безі, өкпе, бауыр, асқазан обыры саналады. Онкологиялық науқастардың жас ерекшеліктері көбінесе 55 пен 79 жас аралығындағылар.