ТҮРКІСТАН: Өзекті мәселелер талқыланды

0
79

Облыстық жер қатынастары басқармасы – 3, ветеринария басқармасы 5 тапсырманы орындаған.


ТҮРКІСТАН: Өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары өзі жетекшілік ететін салаларға қатысты тапсырмалардың орындалуын қарады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп саласын дамыту бойынша бекіткен міндеттерін, үкімет пен министрлік қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін облысымызда кешенді жоспар түзіліп, тапсырмалар берілген.


Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өзі жетекшілік ететін салаларға қатысты тапсырмалардың орындалу барысын аудан, қала әкімдерінің орынбасарларымен бірге қарап шықты.


Ауыл шаруашылығы басқармасына берілген 279 тапсырманың 215-і орындалып, бақылаудан алынған. Облыстық жер қатынастары басқармасы – 3, ветеринария басқармасы 5 тапсырманы орындаған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 10 тапсырма орындалу барысында екенін жеткізді.


Аудан, қала әкімдіктері тежелген тапсырмалардың атқарылу мерзіміне қатысты баяндады. Мәселен, Мақтарал ауданында су үнемдеу технологиясын 8 мың гектарға енгізу межеленген. Бүгінгі күнге дейінгі көрсеткіш – 3,3 мың гектар. Оның 1 мың гектарға жуығы – мақталық алқап. Жауаптылар шаруашылықтар арасында су үнемдеу әдісінің қажеттілігі мен пайдасын түсіндіруді жалғастырып келеді.


Ордабасы ауданында жұмысшы топ анықтаған мал тіркелмеген 21,8 мың гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша құжаттары рәсімделу сатысында. Аудан әкімінің орынбасары тапсырма мерзімінде орындалып, аяқталатынын баяндады.


5 айдың қорытындысымен Отырар ауданына агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция 5,3 млрд. теңгені құраған. Тамшылатып суғару әдісі 3,3 мың гектарға енгізілген. Аудан әкімінің орынбасары межеге жету үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.


Нұрбол Тұрашбеков нәтижеге жету үшін шаруашылықтармен, жеке шаруалармен, диқандармен тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті.


– Бағдарламалар бізге түсінікті, өйткені осы салада жүрміз. Ал, қарапайым шаруаға түсіндіру, көзін жеткізу, қолдау білдіру, көмектесу – сіздерге жүктелген міндет. Түсінбегенін мамандардан сұрап, шаруасын дамытатын жағдайға жетуіміз керек. Ашық болыңыздар! «Мәселені шешемін» деген адам жолын табады, – деген облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға жұмысты заң аясында ұйымдастыруды, сыбайластық әрекеттерге жол бермеуді қатаң ескертті.

Бөлісу