ТҮРКІСТАН: Полицейлер жоғалған бүлдіршінді тауып ата-анасына тапсырды

0
1 420

Түркістан қаласындағы аулалардың бірінде ойнап жүрген 3 жасар бала жоғалып кеткен. Десе де, оны полицейлер 3 сағаттың ішінде тауып алды.


ТҮРКІСТАН: Полицейлер жоғалған бүлдіршінді тауып ата-анасына тапсырды

Түркістан қаласының полицейлері жоғалған 3 жасар бүлдіршінді тауып, ата-анасына табыстады - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Әкесінің айтуынша, бала кешқұрым аулада велосипедпен серуендеп жүрген. Қапелімде перзентінен көз жазып қалған әкесі Түркістан қаласының тәртіп сақшыларына хабар берген. Оқиға болған жерге Түркістан қаласының полиция басқармасының полицейлері мен жедел-тергеу тобы шұғыл жеткен. Үш жасар баланы қалалық полиция басқармасының бүкіл жеке құрамы жұмылдырылған. Тәртіп сақшылары жақын аумақтардың аулаларын аралап шығып, куәгерлерден жауап алып, басқа да шұғыл іс-шаралар жүргізген. 3 сағаттан соң жоғалған 3 жасар бүлдіршін Түркістан қаласының көшелерінің бірінен табылған. Полиция қызметкері сәбиді ата-анасының қолына табыстады.

"Ата-анасы да өздері тарапынан ұлдарын сап-сау, аман-есен қайтарып бергені үшін Полиция басқармасының басшылары мен полиция қызметкерлеріне кәсіби шеберлігі мен шұғыл іс-әрекеттері үшін зор алғыстарын білдірді"-деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.