Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 113 жыл.
Сайрамда тұңғыш рет «Көсем» драмасы сахналанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 113 жыл.
Сайрам аудандық Қазақ халық театры қоғам қайраткерінің құрметіне «Көсем» атты психологиялық мұңды драмасын сахналады. Бұл тақырыптағы пьеса тұңғыш рет қойылып отыр.
Қойылымды тамашалауға аудан әкімі Арман Сәбитов, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Оқиға өткен ғасырдың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен елін әділ басқарған Дінмұхамед Қонаев төңірегінде өрбиді. Сахнада сол кезде Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Ахметұлы себепсіз жұмыстан алынуы, Мәскеуден оған жасалған қысым мен жастардың азапталуы көңіл толқытады. Саяси көзқарасы мен сол кездегі «лениндік» саясатты бетке ұстап, қарсылығын білдірген жастар дара қайраткерін барынша қорғайды. Елдік мүддені биікке көтереді.
Осынау қойылымды деректерге сүйеніп, көркемдеген автор — халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері, доцент, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Болаттемір Алтаев. Ал режиссері Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иесі Әскер Құлданов.
Қойылым соңында театр ұжымына аудан әкімінің Арман Сәбитовтің және «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Түркістан облысы, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Шәріпбек Жамалбековтің, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» Шатырхан Керімбековтің ықылас гүлі табысталды. Олар сахна төрінде шығармашылық топпен арнайы кездесіп, театр ұжымының өнерін жоғары бағалады.