Азаматтардың емхана және мектеп салу өтініштері бойынша облыстағы жауапты басқармалардан арнайы жұмысшы тобы ауданға келіп, зерттеу жүргізетін болды.
Сайрамдағы проблемалы нысандарды жөндеуге қажетті шаралар қабылданады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сайрам ауданына іссапармен барды. Алдымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Көлкент-Қарабұлақ тас жолының бойында жүргізілген тазалық жұмыстарымен танысты. Ассамблея өкілдері, жергілікті тұрғындар мен жастардың бастамасына сәттілік тіледі.
Мұнан соң Қарабұлақ ауылдық мәдениет үйінде болып, жағдайына қанықты. Ескірген ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжат дайындауды тапсырды. Құжаттар әзірленген соң «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы (республикалық бюджет қаражатынан) жөндеуге ұсыныс жолданады. Сондай-ақ алдағы уақытта осы жерде мұражай ашу ісі қарастырылатынын мәлімдеді. Әрі қарай сапар бағыты Ақсукент ауылындағы Сұраншы батыр атындағы №97 жалпы орта мектебінде жалғасты. Білім нысанының іргетасы ынғайластырылған және типтік үлгіде бой көтерген. Оқу ғимаратында 803 бала оқиды. Бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл білім ошағын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін биыл қаржы бөлінетініне тоқталған облыс әкімінің орынбасары мәселе шешілетінін айтты.
Бейсенбай Дәулетұлы аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізіп, олардың талап-тілектерін тыңдады. Қоғамдық қабылдауда азаматтар тарапынан білім және денсаулық салалары, мал сою бекеттерінде бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізуді күшейту секілді мәселелер көтерілді. Манкент ауылында орналасқан Ибрагим ата жалпы орта мектебінің сыйымдылығы 325 оқушыға арналған. Бүгінде 647 оқушы екі ауысымда білім алады. Тұрғындар елді мекенде халық саны жыл сайын артуына байланысты мектеп ауласына қосымша 200 орындық жаңа ғимарат құрылысын жүргізу қажеттігі туындап отырғанын жеткізді. Осы секілді Қарамұрт ауылындағы Киров жалпы орта мектебі мен №1 гимназия мектебін біріктіру, спорт алаңшасын салу, Қарабұлақ ауылындағы Жамбыл атындағы мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу бойынша ұсыныстар білдірілді. Қабылдауда Қарабұлақ ауылдық округіндегі нысаналы мақсаттағы шаруа қожалығы және жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуге тиесілі жер телімдеріне заңсыз мал сою мен қалдықтарын өңдейтін бекет салынғаны жайлы наразылықтар айтылды.
Көтерілген өзекті проблемаларды мұқият тыңдаған Б.Тәжібаев өтініштердің заң шеңберінде зерделеніп, шешілу жолдары қарастырылатынын ескертті.
Жауапты басшыларға міндеттер жүктелді. Азаматтардың емхана және мектеп салу өтініштері бойынша облыстағы жауапты басқармалардан арнайы жұмысшы тобы ауданға келіп, зерттеу жүргізетін болды. Қажеттілік туындаған жағдайда халықпен қайта кездесу ұйымдастырып, тағы да тыңдалым өткізетінін ескертіп, жиынды қорытындылады.