Экологиялық акцияны табысты жүзеге асырған елді мекендер арасынан жеңіп шыққан жүлдегерге бір әлеуметтік нысан салынады
Сайрам ауданындағы «үлгілі ауылға» жаңа әлеуметтік нысан салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасын іске асыру бойынша Түркістан облысының Сайрам ауданында «Үлгілі ауыл» жобасы өтеді. Бұл жоба ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымының жақсаруына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл туралы Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитов мәлімдеді.
– Өткен жылы Түркістан облысында «Үлгілі ауыл» өңірлік байқауы жарияланып, оған әр ауданнан бір-бір ауылдан қатысты. Осы тәжірибені аудан деңгейінде қолға аламыз. Ауыл экономикасының өсуі, тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі, жастардың білімі мен тәртібі, ауыл тазалығы мен мәдениеті, бұқаралық спорттың дамуы, ауыл жұртының бос уақытын тиімді пайдалануы мен ақсақалдардың белсенділігі сынға түскен байқаудың нәтижесін шығару үшін арнайы жұмысшы топ құрылып, олар әр ауылдық округтен сынға түскен ауылдарды аралайды. Экологиялық акцияны табысты жүзеге асырған елді мекендер арасынан жеңіп шыққан жүлдегерге бір әлеуметтік нысан салынады, – деді аудан әкімі.
Аталған жиын барысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын өткізудің жыл соңына дейін бекітілген іс-шара жоспарын орындау барысы талқыланды. Жыл басынан бері бүгінгі таңға дейін Сайрам ауданы аумағында 22 рет тазалық жұмыстары жүргізіліп, 40 900 адам қатысты. Тазалық шарасына 106 арнайы техникалар жұмылдырылып, полигон аумақтарына 270 тонна қатты тұрмыстық қатты қалдықтар тасымалданды.
«Таза Қазақстан» телеграмм ботына түскен 8 арызы толық орындалды. «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» мекемесінен алынған 23 300 түп көшет бекітілген іс-шараларға сәйкес ауылдық округі аумақтарына егілді. Ауылдық округі әкімдерінің ұсынылған ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда аудан аумағында «Планшет» арқылы, барлығы 70 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде, 33 азаматқа ескерту беріліп, 37 азаматтарға 3 027 640 теңге айыппұл салынды.