Биыл облысымызда жалпы 5 теміржол вокзалының инфрақұрылымы жаңартылды.
Сарыағаш қаласында жаңғыртылған теміржол вокзалы ел игілігіне берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Сарыағаш қаласында жаңғыртылған теміржол вокзалы ел игілігіне берілді. Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Елжас Отыншиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұрлан Әбішов, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Облыс әкімі «Сарыағаш» теміржол вокзалының өңір үшін маңыздылығына тоқталды.
– Баршаңызды Сарыағаш ауданындағы заманауи талаптарға сай жаңғыртылған теміржол вокзалының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл маңызды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көлік инфрақұрылымын жетілдіру және халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылды. Биыл облысымызда жалпы 5 теміржол вокзалының инфрақұрылымы жаңартылды. Бүгін сол жаңартылған нысандардың бірі – «Сарыағаш» теміржол вокзалының ашылуына куә болып отырмыз. Заманауи вокзал Сарыағаш ауданының көлік қатынасын жақсартуға, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға оң ықпал етеді деп сенемін! – деді Нұралхан Көшеров.
Жаңартылған вокзалда жолаушылар үшін 30 орындық күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана қарастырылған. Сондай-ақ ана мен балаға арналған бөлме, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді орта, медициналық пункт, оқшаулау бөлмесі және көліктегі полиция бөлімінің қызметтік кабинеті орналасқан. Жолаушылардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз ету мақсатында перрон жаңартылып, вокзал аумағында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Вокзал 5 жұп пойыз қабылдайды және тәулігіне 500-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Вокзал ғимаратының алаңы реконструкцияға дейін 449,1 шаршы метр болса, қазіргі таңда 558,5 шаршы метрге ұлғайтылды.
Айта кетейік, «Сарыағаш» теміржол вокзалының тарихы өткен ғасырдың басынан басталады. Станция арқылы Өзбекстан Республикасына және көршілес бағыттарға қатынайтын жолаушылар пойыздары жүреді. Вокзалды реконструкциялау жұмыстары 2025 жылы басталып, 2026 жылғы тамызда толық аяқталды. Жобаның жалпы құны – 918 млн теңге. Тапсырыс беруші – «Қазақстан Темір Жолы» АҚ.
Іс-шара соңында қонақтар жаңғыртылған вокзал ғимаратын аралап, нысанның инфрақұрылымы және материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.
Түркістан облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Биыл «Түлкібас», «Манкент», «Темір», «Арыс-2» және «Сарыағаш» вокзалдарының инфрақұрылымы жаңартылды. Бұл жұмыстар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындар мен туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.


