Жиынға кәсіпкерлер, қалалық мемлекеттік кірістер және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдері қатысты.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында Сауда және қызмет көрсету комитетінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында Сауда және қызмет көрсету комитетінің кезекті отырысы өтті. Жиынға кәсіпкерлер, қалалық мемлекеттік кірістер және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдері қатысты. Кездесуде «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР заңы бойынша төлемдер қабылдау, тамақтану орындарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңының нормалары бойынша мәселелер талқыланды.
«ҚР Салық кодексінің 166 бабына сәйкес, қолма-қол ақша айналымын жүргізетін салық төлеушілерге бақылау-кассалық машинасын алу міндеттелген. Яғни, тұтынушыларға түбіртек берілуі тиіс. Дегенмен, банк қосымшасымен жеке кәсіпкер ретінде QR-код арқылы төлем қабылдап жұмыс істеген тиімді. Ал, аударым жасау арқылы төлем жүргізілсе кәсіпкер келесі жылдан бастап заң талаптарына сәйкес 10 пайыз салық төлеу міндеттеледі», - деді Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрболат Жахаев.
Сондай-ақ, Түркістан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Айдана Өмірзақ тамақтану орындарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар жайын айтты. Оның айтуынша, үй жағдайында дайындалған саңырауқұлақ, баялдыр, көкөніс салат, ет, балық консервілерін пайдаланғаннан ботулизм ауруы пайда болады. Тамақтан улану салдарынан туындаған инфекциялық ауру түрін болдырмас үшін тексерілген өнімдерді сатып алу, жарамдылық мерзімін, сақтау шарттарына аса мұқият қараған жөн.