​ТҮРКІСТАН: Селден зардап шеккен төлебилік 42 отбасы баспаналы болды

0
1 082

Тұрғындардың қуанышымен бөліскен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бірнеше үйді аралап шығып, баспана иелерін жаңа қонысымен құттықтады.


​ТҮРКІСТАН: Селден зардап шеккен төлебилік 42 отбасы баспаналы болды

ҚР Конституциясы күні қарсаңында Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы үйлерін тасқын су шайып кеткен 42 отбасына жаңа үйлердің кілті тапсырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Бүгін міне, жаңа үйге қоныс аударып, қоныс тойын жасап жатырсыздар. Ерте көктемде болған табиғи апат әбігерге салып, біраз қиындық туғызған болатын. Оның бәрі артта қалып, өздеріңіз табалдырығын жаңа аттаған баспаналарыңыз берекелі, қыдыр қонған үлкен үйге айналсын дегім келеді»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.


Биыл көктемде қатты жауын-шашын салдарынан су арналары тасып, Төлебиде сел орын алған болатын. Салдарынан бірнеше үйді су басып, зақымданды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, шұғыл штаб құрылып, аудандағы 42 үй жарамсыз деп танылды. Жаңа баспаналардың құрылысы қарқынды жүргізілді. Айта кетерлігі, аталған баспаналардың 17-сі – Леңгір қаласында, 2-і – Киелітас, 22-сі – Сұлтан-Рабат, 1-і – Ынтымақ ауылдарында соғылды. Баспаналардың жалпы аумағы – 2640 шаршы метр. Құрылысты 9 мердігер мекеме жүргізді.


Нөсер жауынның салдарынан су тасқыны кезінде үйлер мен жолдарды су басып, Жоғарғы Қасқасу елді мекеніндегі «Қасқасу» өзені бойында орналасқан 4 көпірді де су шайып кеткен еді. Тұрғындардың ауыл арасында қатынаулары үшін өткелдер екі тәуліктің ішінде толығымен қайта қалпына келтірілген. Тиісті қаражат бөлініп, жарамсыз күйге түскен үш көпірдің құрылысы толық аяқталды.