ТҮРКІСТАН: Шардарада балық өсіру ісі қарқынды дамып келеді

0
1 370

Шардара су қоймасында дайындалған шарбақты аймақтарда жылына 350 тоннаға дейін түрлі балықтар өсіріледі.


ТҮРКІСТАН: Шардарада балық өсіру ісі қарқынды дамып келеді

Шардарада шабақтарды көбейтуді қолға алған кәсіпорын балық шаруашылығына қызығушыларға да тегін кеңестер беріп келеді деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2010 жылдан бастап халықаралық ИСО 9001 – 2000 және ИСО 22000 – 2005 тамақ қауіпсіздігі стандарттары талаптарына сәйкес жұмыс жүргізіп келе жатқан «Хамит» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі бүгінде балық өсіруді толығымен қолға алып отыр. Балық шабақтарын алудан бастап тауарлы балыққа жеткізуге дейінгі балық өсіру шаруашылығының толық циклімен жұмыс істейтін зауыт 2015 жылдан бастап кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында балық өсіруді қолға алған. Қазірде Шардара су қоймасында дайындалған шарбақты аймақтарда жылына 350 тоннаға дейін түрлі балықтар өсіріледі.
Сонымен қатар, кәсіпорын биылғы жылдың наурызынан бастап Қызылқұм каналының бойынан жылына 40 млн дана шабақ пен 10 млн дана біржазғы балықтар өсіретін тоғандарды іске қосқан.
«Біз бүгінде Шардара су қоймасының жанынан жобалық қуаттылығы 200 тонна болатын жабық су айналым қондырғыларында және шарбақтарда жылы су сүйгіш тиляпия мен африкандық жайын балығын өсіру жобасын да қолға алып жатырмыз» дейді «Хамит» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің басқарма басшысы Бақытжан Серманизов.
250-ге тарта жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын фермерлер мен шаруаларға балық өсіру саласының қыр-сырын үйретуден бастап тауарлы балықты сатуды ұйымдастыруға, толық жүйелі балық шаруашылығының барлық элементтерін өзіне қосқан жүйелі түрде кластер құруда.
Айта кетейік, 10-ға тарта түрлі балық шабақтарын қолдан өсіріп отырған кәсіпорын балықтарды қоректендіруге қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар дейді мамандар.
Осылайша ерекше істі қолға алған Шардара ауданында қыркүйек айының 24-і күні Үкімет басшысы Асқар Маминнің қатысуымен республикалық семинар-кеңес өтеді деп күтілуде. Кеңесте балық шаруашылығын дамыту, заңсыз балық аулаушылармен күресудің жолдары секілді мәселелер талқыланатын болады.