ТҮРКІСТАН: Шардарада көп балалы ана ешкі шаруашылығын қолға алып отыр

0
3 693

​Ешкі сүті – жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам. Өзінің физикалық-химиялық қасиеттері мен дәміне сай ешкі сүтінің сиыр немесе басқа да ауыл шаруашылық жануарларының сүтімен салыстырғанда тиімді айырмашылықтары мол.


ТҮРКІСТАН: Шардарада көп балалы ана ешкі шаруашылығын қолға алып отыр

Шардара ауданының тұрғыны бүгінде ешкі бағып, сүтін сатып кәсібін жандандырып отыр. Бірнеше ауруға ем саналатын ешкі сүтіне деген сұраныс шағалалы аймақта күн санап артып келеді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шардара қаласының тұрғыны Роза Джавкаеваның бұл кәсіп түрімен айналысқанына да көп бола қоймаған. Бұған дейін үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысып келген 7 перзенттің анасы мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде «Өрлеу» бағдарламасы аясында қаржы алып, ешкі шаруашылығына зейін қойған. Жолдасы Бақытжан Омаров Шардара-Шымкент бағытына қатынайтын спринтер көлігінің жүргізушісі.
«Ешкі сүтінің көптеген емдік қасиеттері бар. Әсіресе, асқазан ауруларында, анемияда, көздің нашар көруінде, диатезде өте пайдалы. Емізулі балаларды қоректендіру үшін де аса қолайлы. Швейцарияның таулы шипажайларында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды ешкі сүтімен емдейді екен»,- дейді Роза Джавкаева.
«Өрлеу» бағдарламасы арқылы ешкі алып, шаруасын дөңгелетіп отырған Роза биылғы жылға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алып, мал басын арттырған. Қорасында 30-ға тарта ешкі-лағы, 20-ға жуық қойы бар көп балалы ананың үйіне ешкі сүтін іздеп келушілердің де қатары артқан. 2018-жылы 379 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алған көпбалалы ана биылғы жылғы наурыз айында тағайындалған 776 200 теңгеге қол жетісімен тұрғындардың сұранысын қанағаттындыру мақсатында сауын ешкінің санын арттырмақ.
Адам денсаулығына пайдасы мол, сиырларда кездесетін туберкулез, бруцеллезбен ауырмайтын ешкі сүтін ерекше химиялық құрамына сай пайдалы тағам өнімдерінің қатарына енгізіп, тұтынушыларға жеткізуде мемлекет тарапынан қолдау болса, ешкі сүтінің түрлі аурулардың алдын алу шараларындағы тиімділігі ескерілсе деген ұсыныстарын да жеткізді.