ТҮРКІСТАН: Шардарада олимпиадалық спорт түрлеріне арналған залдар ашылды

0
724

2022 жылы Шардара ауданынан 37 әлем чемпионы, 71 Азия чемпионы және 89 ҚР чемпионы шықты.


ТҮРКІСТАН: Шардарада олимпиадалық спорт түрлеріне арналған залдар ашылды

«Шардара армспорт» клубының демеушілігімен бокс, дзюдо, таэквондо және каратэ залдары ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шардара ауданында «Шардара армспорт» клубының демеушілігімен олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс, дзюдо, таэквондо және каратэ залдары ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, спорт ардагері Мұсырманқұл Дәуренов және ауданның белді спортшылары мен жаттықтырушылары қатысты. Аудан әкімі спортсүйер қауымды құттықтап, аудан әкімдігі атынан бағалы сыйлық табыстады.


«Баршаңызды бүгінгі олимпиадалық спорт түрлеріне арналған залдардың ашылуымен құттықтаймын. Шардара ауданы – әлемге аты шыққан чемпиондардың мекені. Мен мұнымен мақтанамын. Бұл жетістік – мемлекеттің спорт саласын қолдауы, ауданымыздағы жаттықтырушы азаматтар мен спортшылардың қажырлы еңбегі деп білемін. Аудан әкімдігі сіздерді әрқашан қолдауға дайын. Алдағы уақытта ауданымыздан олимпиада шыңын бағындырар спортшыларымыз көп болсын. Біз сіздерге сенеміз! Біздің мақсат – олимпиада жеңіске жету», - деді Қайрат Жолдыбай.


Айта кетейік, 2022 жылы Шардара ауданынан 37 әлем чемпионы, 71 Азия чемпионы және 89 ҚР чемпионы шықты.