ТҮРКІСТАН: Шардарада жаңа білім орталығы ашылды

0
747

Білім алушылар үшін «Нейрогимнастика тәсілі» қолданылады.


ТҮРКІСТАН: Шардарада жаңа білім орталығы ашылды

Шардара қаласында оқушылардың білім сапасын арттырып, есте сақтау қабілеттерін жоғарылатуға негізделген «Дарын дамыту орталығы» ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шағалалы Шардара қаласында оқушылардың білім сапасын арттырып, есте сақтау қабілеттерін жоғарылатуға негізделген «Дарын дамыту орталығы» ашылды. Нысанның ашылу салтанатына Шардара қаласының әкімі Ережеп Бекет арнайы қатысты.

Алматы қаласында, сонан соң, Түркия елінің Эге университетінде білім алған орталық жетекшісі Ақмарал Жақсылықова өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік бастауларына арналған 3,5 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, 6 – 12 жас аралығындағы балаларға арналған аталмыш орталықты ашып отыр. Бұл бағытта жинақталған тәжірибелер мен ізденістердің нәтижесінде жадыны дамытуға арналған әдістемелік кітап та жазған.

«Қазіргі кезде балалардың 90%-ы есте сақтау қабілетінің төмендігінен берілген ақпараттарды түгел қабылдай алмайды және минуттық жылдамдыққа өте баяу оқиды. Бұл – ақпараттық дамуға толы технологиялар ғасырында үлкен мәселе екені белгілі. Осы тұрғыда «Дарын дамыту орталығы» балалардың мәселесін шешуге атсалысатын болады», - деген қала әкімі жұртшылықты жаңа білім ұясының ашылуымен құттықтады.

Оқушылардың есте сақтау қабілетін жақсартып, буындап оқуды меңгерту, логикалық ойлау қабілетін дамытып, шығармашылық қабілетін арттыру, сонымен қатар, барлық пәнді еркін меңгеруді үйрететін орталықта 48 бала білім алатын болады. Отбасылық жағдайларына байланысты көпбалалы, денсаулығында кінәраты бар және бір үйден бірнеше баласы орталықтағы дәрістерге қатысатын болса түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

Айта кетейік, әлемдік ғалымдар тарапынан қолдау тапқан көздің қамту аймағын ұлғайтуға арналған «Шульте кестесі», түрлі кескінделген суреттерге қарай отырып ертегі немесе оқиға құрастыруға, баланың есте сақтау қабілетін арттыруға бағытталған «Мнемотехника тәсілі», өлең шумақтарын тез жаттауға ықпал ететін «Ассоциация тәсілі», баланың тіліндегі кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмайтын ақауларын қалпына келтіруге арналған «Артикуляциялық жаттығулар» мен есте сақтау қабілетін арттыруға бағытталған «Антиципация» тәсілдерін қолданып оқытатын орталықта баланың миына салмақ салмай, қалыпты жағдайда білім алулары үшін «Нейрогимнастика тәсілі» қолданылады.