ТҮРКІСТАН: Су басқан ауылды қалпына келтіру қарқынды жүріп жатыр

0
950

Үй иелері 17 миллион теңге өтемақыны алу үшін келісім-шартқа тұрған.


ТҮРКІСТАН: Су басқан ауылды қалпына келтіру қарқынды жүріп жатыр

Мақтаарал ауданындағы су басқан Өргебас ауылын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Өргебас ауылындағы 195 үйдің 184-і 17 миллион теңге өтемақыны алу үшін келісім-шартқа тұрған. Келісім-шарт бойынша 184 үйдің 182-не 17 миллион теңгенің 50%-ы аударылып, тұрғындардың басым бөлігі құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда 66 үйдің іргетасы қаланып, 8 үйдің қабырғасы өріліп жатыр. Сонымен қатар, 1 үйдің шатыры жабылғалы тұр.

Бұдан бөлек, 50 үйдің құрылыс алаңы дайындалып, жұмыстарды бастау үшін ретке келтіріліп, жалпы осы уақытқа дейін 130 үйге бұзу жұмыстары жүргізілген.

Қазіргі уақытта 175 құрылысшы 17 ұжымға бірігіп, құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Өзбекстан Республикасы тарапынан өргебастықтарға 3 эксковатор, 1 камаз бен 30 адам көмек беріп жатыр.

Айта кетейік, Өргебас ауылы 1971 жылы құрылған. Елді мекеннің жер көлемі 1256 гектарды, оның ішінде егістік жердің көлемі 1203 гектарды құрайды. Халқының саны – 1451.

Ауылда 1 мектеп, 2 балабақша, 1 медицина пункті мен 1 полиция пункті бар. Сонымен қатар, 155 шаруа қожалығы, 1 мал бордақылау алаңы, 3 сауда нүктесі мен 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істеп келген.