ТҮРКІСТАН: Тәрбиесі нашар балалар сауықтыру курстарына жіберіледі

0
528

Өңірімізде бұзақылық жасау бойынша 500-ден астам бала тізімде тұрады.


ТҮРКІСТАН: Тәрбиесі нашар балалар сауықтыру курстарына жіберіледі

Биыл Түркістан облысында тәрбиесі қиын балалар таудағы сауықтыру курстарына жіберіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістанда кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп отырды.


«Өңірімізде бұзақылық жасау бойынша 500-ден астам бала тізімде тұрады. Біз биыл оларды алғаш рет тауға алып барып, лагерде екі апталық курс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай процесс бұған дейін болмаған. Ол жерде спортшылар, полиция қызметкерлері, прокуратура, түрлі саладағы жетістікке жеткен мотиватор азаматтар мен танымал өнерпаздарды тарта отырып, әртүрлі сауықтыру шараларын ұйымдастырамыз. Қалыпты өмірге оралтуға, алға ұмтылуына жұмыс істейміз. Бұл қылмыс санының азаюына тікелей әсер етеді деп ойлаймын. Жалпы кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмысқа қандай факторлар әсер етеді? Тексеріңіздер. Барлығыңыз зерделеу жұмысын атқарып, Облыстық білім басқармасына ұсыныс беріңіздер. Жиынды жай ғана өткізе салмай, мектепте тізімде тұрған балалармен жеке-жеке жұмыс істеңіздер. Жұмысты оңтайландыру жолдарын қараңыздар», – деді облыс әкімінің орынбасары


Комиссия отырысында биылғы 3 айдың қорытындысынан бөлек, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жиынға комиссия мүшелері, аудан, қалалардағы комиссия төрағалары мен хатшылары, құзырлы орган мен қоғамдық ұйым өкілдері де қатысып, пікірлерін ортаға салды. Сарыағаш пен Сайрам ауданы әкімдерінің жауапты орынбасарлары тіркелген қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың және өзіне қол жұмсаудың алдын алу жұмыстары туралы баяндама жасады.


Бірінші тоқсан нәтижесінде кей аудандарда балаларға қарсы және балалардың қолымен жасалған қылмыс тіркеліп отыр. Ал біразында бұл көрсеткіш жақсарғаны байқалады. Қалған аудандарда бірқалыпты деңгейде. Бейсенбай Дәулетұлы барлық аудан, қалада тоқсан қорытындысы бойынша жиналыс өткізіп, білім бөлімдеріне кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстарды қайта жандандыруды тапсырды.