Ауқымды жобалар мен бастамалар іске асырылуда.
Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраны қорғау және сақтау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында тарихи мұраларды қорғау мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында ауқымды жобалар мен бастамалар іске асырылуда.
Бүгінде республика бойынша 25 мыңнан астам тарихи мұра объектісі есепке алынған болса, оның 1792-сі Түркістан облысының үлесінде. Аталған нысандардың ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш бар. Ол – өңірдің басты туристік нысаны әрі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесені. Сонымен қатар облыста республикалық маңызы бар 40, жергілікті маңызы бар 403 тарихи-мәдени мұра объектісі және алдын ала есепке алу тізімінде тұрған 1348 нысан бар.
Тарихи-мәдени мұра саласындағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында облыста 2006 жылы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» құрылған. Бүгінде аталған орталық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау, насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі тарихи-мәдени мұраларды қорғау және сақтау ісін жаңа деңгейге көтерді.
2013 жылдан бастап осы мәдени мұраларға қорғау міндеттемелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 429 мәдени мұралардың меншік иелері және пайдаланушыларымен қорғау міндеттемелері рәсімделген. 2024 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, алдын ала есепке алу тізіміндегі 32 мәдени мұра объектісіне заңнама талаптарына сай ғылыми сараптама жүргізілді. Қазіргі таңда сараптама қорытындысы негізінде 32 нысанды жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізу бойынша қаулы жобасы дайындалуда.
Сондай-ақ 2024 жылы жергілікті тізімге енгізілген «Қызыл көпір, ХІХ ғасыр» тарих және мәдениет ескерткішінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2025 жылға арналған ғылыми-реставрациялық жұмыс жоспарына сәйкес Түркістан облысындағы 5 нысанда тиісті жұмыстар аяқталды. Атап айтқанда, Сауран археологиялық сәулеттік кешені, Ежелгі Түркістан қалашығы, Отырар қалашығы, Аппақ Ишан сәулет кешені және Шамет Ишан мешіт-медресесіндегі реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Бүгінде облыстағы ғылыми-реставрациялық жұмыстар ескерткіштердің жағдайына алдын ала жүргізілген мониторинг негізінде жүзеге асырылуда. Осы орайда Созақ ауданы, Құмкент ауылында орналасқан Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесіне реставрация жүргізу қажеттілігі анықталып, нысан 2026 жылға арналған тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарына енгізілді.
Мәдени мұра объектілерінің жай-күйін сақтау жұмыстары тұрақты бақылауда. 2024 жылы 5 тарихи-мәдени ескерткіштің (Ақмешіт үңгірі, Отырар қалашығы, Оқсыз қалашығы, Сауран қалашығы, Ұзын ата кесенесі), ал 2025 жылы 27 объектінің қорғау аймағы бекітілді. Сонымен қатар «Ежелгі Түркістан қалашығының тарихи аумағында қалыптасқан ескерткіштер» атауымен 14 объектіні қамтитын жалпы аумағы 88,7 гектарды құрайтын буферлі аймақ белгіленді. Аталған аумаққа Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Есім хан кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Қылует жер асты мешіті, Шығыс моншасы, Жұма мешіті, Шілдехана, Тәуке хан кесенесі, Цитадель қамал қабырғасы мен қақпасы, казарма, Ежелгі Түркістан қалашығы, Күлтөбе қалашығы еніп отыр. Бұл шаралар ескерткіштердің нақты шекарасын айқындап, олардың жойылып кетуінің және заңсыз құрылыс жүргізілуінің алдын алуға мүмкіндік береді.


