Жас терапевт дәрігер 28 қаңтарда көз жұмды.
фото: Lada.kz
ERNUR.KZ. Жаңаөзендік дәрігер Нұрдәулет Аманғалиұлының өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жетті, деп жазады ulysmedia.kz.
Іс Ақтау қаласындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот қарауына берілген. Істі судья Серікқали Бердібеков қарап жатыр.
Lada.kz-тің жазуынша, әлеуметтік желілерде сот барысы қызу талқыланып жатыр. Процеске қатысқан блогер Азамат Сәрсенбаев сот залындағы ахуалды «ауыр әрі көңіл құлазытарлық» деп сипаттап, қайғылы жағдайға қатысты өз пайымымен бөліскен.
Оның айтуынша, қайғылы оқиғаға қызғаныш себеп болған. Айыпталушы — 14 жыл отасып, бес қыз тәрбиелеп отырған ер адам — жұбайының опасыздығын ауыр қабылдаған. Ол жағдайды бейбіт жолмен шешуге тырысып, қарсы тараппен кездескен, тіпті болған жайтты ой елегінен өткізу үшін қажылыққа да барғаны айтылады.
Блогердің жазуынша, қайғылы күні ер адам жұбайының опасыздығына қатысты тағы да дәлелдер алған. Бұл оның соңғы сабырына әсер етіп, қатты күйзеліс жағдайында пышақ алып, қарсы тараптың жұмыс орнына барған. Сол жерде ол бірнеше рет соққы жасаған. Одан кейін өз еркімен полицияға берілген деген ақпарат бар.
«Осы бір жағдайдың салдарынан екі адамның тағдыры бұзылды: бірі қаза тапты, екіншісін ұзақ жылдарға бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр», — деп жазды блогер.
Ресми органдар айыпталушының әрекетіне түпкілікті құқықтық баға сот үкімі шыққаннан кейін берілетінін атап өтті.
ДӘРІГЕРДІҢ ӨЛІМІ
Еске сала кетейік, жас терапевт дәрігер 28 қаңтарда көз жұмды. Ол пышақ жарақатынан ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.
Маңғыстау облысы полиция департаменті күдіктінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Алдын ала тергеу барысында ер адамдар арасындағы жанжал отбасылық-тұрмыстық негізде туындағаны анықталған. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған әрекетін мойындаған.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.


