Әсіресе шалғай аудандарда бәсекелестік жоғары.
Түркістан облысында праймериз пікірсайысы қарқынды жүргізілуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында праймериздің жария пікірсайыстары қыза түсті. Бір ерекшелігі, өңірде дебаттар түрлі орындарда ұйымдастырылып жатыр. Әсіресе шалғай аудандарда бәсекелестік жоғары. Мәселен, Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы пікірсайыс аудан орталығындағы «Жеңіс» алаңында ұйымдастырылды.
Оған 6 үміткер қатысып, өзара пікір, ой таластырды. Үміткерлер жұмыссыздықпен күрес, ауыл шаруашылығына қолдау көрсету және өзге де түйткілді мәселелерді қозғады.
Бұл пікірсайысқа Жетісай ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Жамантай Бесенбаев қатысып, үміткерлердің қарым-қабілетін байқады. Ауданда партия мүшелерінің саны –7302. Олар 20 БПҰ-ға біріктірілген. Қазірше 4600-ден астам партия мүшесі «Праймериз» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Жетісай ауданы бойынша 85 азамат праймеризге үміткер болып тіркелген. Олар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, пікірсайыстарға қатысып жатыр.
Отырар ауданындағы жария пікірсайысқа да елдің қызығушылығы жоғары болды. Шәуілдір ауылындағы «Керемет» ойын-сауық орталығындағы дебатты Отырар ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Әбдіғани Жүнісов тамашалады. Сонымен қатар 40-қа жуық көрермен, үміткерлердің шешендігі мен ой-танымдарын саралады.
Жалпы Отырар ауданында «Nur Otan» партиясының 3182 мүшесі, 15 бастауыш партия ұйымы бар. 52 тұрғын партияның ішкі іріктеуіне қатысуда. «Праймериз» ақпараттық жүйесіне 2633 адам тіркелген. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр. Партияның праймеризіне қатысушылар аудан әкімдеріне де өз ұсыныстарын жеткізіп, мәселе көтеруде. Бұл да – азаматтық қоғамның дамуының бір көрінісі.
Түркістан облысында 14-17 қыркүйек аралығында 100-ден астам дебат өткізіліп, оған 400-ден астам үміткер қатысты.